Мегаполистің сауда орталықтарында алаяқтық азаймай тұр

13.08.2024 01:03

Жыл басынан бері қалада 500-ге жуық ұрлық фактісі тіркелген

elements.envato.com/

Алматының сауда орталықтарында жасалатын алаяқтық тыйылмай тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жыл басынан бері қалада 500-ге жуық ұрлық, өзгенің мүлкін иемдену фактілері тіркелген.  Ал Алмалы ауданының бір ғана сауда кешенінен кәсіпкерлерден 80-ге жуық арыз-шағым түсіпті. Алаяқтар онлайн-тапсырыс арқылы жеткізу қызметін пайдаланушыларды да тақырға отырғызған. Бұл ретте мамандар тапсырыс түбіртегін мұқият қарауды ескертеді.

«Ауданымызда онлайн-тапсырыс арқылы жасалған алаяқтық бойынша 12 факті тіркелді. Сондықтан, тек сенімді курьерлік компаниялармен жұмыс істеуді ұсынамыз. Өйткені бұл жүйеге курьерлер өзге адамның деректерін пайдаланып тіркеледі. Қазір бұл бағытта тексеріс жүргізіліп жатыр», - деді Алмалы ауданы прокурорының орынбасары Руслан Суханбердин.

Ал саудагерлер алаяқтар әккі әрекетін мықтап сенімге кіріп алғаннан кейін жасайды деп отыр. Күнделікті бір-екі тауардан басталған келісім, қомақты қаражатқа жеткенде олардың сан соқтырып кететінін айтады.

«Менен екі-үш телефон сатып алып, ақшасын уақытылы қайтарады. Кейін бірнеше рет қайталанғаннан кейін, есепшот бұғатталды, сондай-ақ басқа да сылтаулар айтып, алдап кетеді. Мені екі адам сан соқтырып кетті, мәселе әлі шешілмеді», - дейді кәсіпкер Аида Сейітқұлова.