Жәбірленуші: Әкемді өлтіргендер жазадан құтылып кетуі мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv
Редакциямызға Қарағанды облысының тұрғыны Жанат Мақашов есімді көрерменіміз хабарласып, әкесінің өліміне қатысты қылмыстық іс әділ жүргізілмегінін айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Әкемді өлтіргендерге лайықты жаза берілсін!». Редакциямызға Қарағанды облысының тұрғыны Жанат Мақашов есімді көрерменіміз хабарласып, әкесінің өліміне қатысты қылмыстық іс әділ жүргізілмегінін айтты. Осыдан бір жарым жыл бұрын қапияда асқар тауынан айырылып қалған азаматтың сөзінше, күдікті жазадан құтылып кеткен. Істі қараған Шет ауданы сотының шешімі бойынша қылмысқа қатысы бар адамды жазықсыз деп танып, жеңіл жаза қолданылған. Толығырақ Almaty.tv тілшісі Асылбек Тойбек тарқатсын.

Жанат Мақашов адам қолынан қаза тапқан әкесінің өмірде жоқтығына әлі де сенбейді. Саналы ғұмырында ауылда тұрып, мал шаруашылығымен айналысты. Тірі жанға қиянат жасамаған жазықсыз әкемнің өліміне өзі кінәлі деген сот шешімімен келіспеймін, дейді. Оқиға осыдан 1,5 жыл бұрын дүз далада болған. Ауылға келген ветеринар дәрігерлерге екпе салдыру үшін жайылымдағы малды айдап келуге кеткен Жанаттың көлігі істен шығып, әкесін көмекке шақырған. Қант диабетімен ауыратын, өз еркімен қозғала алмайтын әкесі жанына аспазшы әйелді отырғызып жолға шығады. Шатасып басқа бағытқа қарай бет алған олардың алдынан жеңіл көлік кездесіп, сол жерде қылмыс орын алады.

«Менің ойымша, әкемді осы аумақта заңсыз жерасты пайдалы қазбалар өндірген бір топ азамат алдын ала жоспарлап өлтіріп кетті. Олар осы маң арқылы өтіп, жайылым жерлерімізді, жолдарымызды құртты. Ал, әкем осы жердің тұрғыны ретінде, шаруа қожалығы иесі ретінде кентті күтіп ұстауға атсалысты.  Тіпті, бірнеше рет оларға ескерту де жасаған еді. Мүмкін, сол ұнамай қалған болар. Жасұлан Өскенбеков менің әкемнің көлігіне келіп, қоқан-лоқы көрсетеді де, өз көлігіне барып «Макаров» пистолетін алып келіп атып тастайды», – деді жәбірленуші Жанат Мақашов.

Алған жарақаттан Сапарғали Мақашов емханаға жетпей жан тәсілім етеді. Жанаттың айтуы бойынша, қылмыс жасаған қарақшы топ оқиға орнынан кетіп қалады. Тек 2 күн өткеннен кейін ғана тәртіп сақшыларының қолына түседі. Алайда кейін сотта небәрі 2 жыл ғана жаза кесілген күдікті өз еркімен полиция бөліміне келіп, жасаған қылмысы туралы мәлімдегенін айтқан және айғақ заттарды құртуға тырысқан дейді жәбірленуші тарап. Сонымен қатар, қылмысқа қатысы бар 5 адамның біреуіне ғана жаза қолданылған.

«Айыпталушы Жасұлан Өскенбековтің үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының бірінші бөлігі бойынша, яғни қасақана кісі өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ол аздай қылмыстық істі сотқа жіберер санаулы күн ішінде  айыпталушының қылмысы басқа бапқа ауыстырылып жіберді. Яғни өзін-өзі қорғады деген бап. Ол жөнінде істі тергеген прокурор бізге ескертпеді де. Менің аурушаң әкем қалай бір топ адамға шабуыл жасайды? Тіпті, тапанша да әкемдікі деген жала жауып отыр. Бірақ оның ешқашан ондай қаруы болмаған», – деді жәбірленуші Жанат Мақашов.

Сөйтіп күдіктіге 2 жыл жаза кесіледі. Алайда тергеу 1 жылдан артық уақыт өткендіктен тергеу изоляторында отырған Өскенбековті сот өзін қорғады деген шешіммен залдан босатып жібереді. Бірақ бұл баппен істі қарауға ешқандай негіз жоқ еді, деп отыр жәбірленуші тарап. Сондықтан облыстық сотқа аппеляциялық шағым түсірген.

«Аталған қылмыстық істі қарау кезінде 2020 жылдың 17 қыркүйегінде сот алқасы Қарағанды облысының Шет ауданы соты шығарған Үкімнің күшін жою туралы ұйғарымға келіп, істі қайта қарауға прокуратураға жолдады. Қылмыстық іс жүргізу Заңнамасын елеулі бұзу жағдайы негізге алынды. Яғни, сотқа дейінгі  тергеу органы сот өндірісі тілі ретінде қазақ тілін таңдаған. Өйткені Өскенбеков орыс тілінде еркін сөйлемейді. Ал өз кезегінде жәбірленуші Мақашов орыс тілінде жүргізілуін талап еткен. Мемлекеттік тілде жазылған барлық материалдар орыс тіліне аударылуы керек болатын. Бірақ олай жасалмаған», – деді облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Рашид Нұрмағамбетов.

Осылайша жәбірленуші тараптың орыс тілінде сөйлейтін куәгерлерінің сөзі аударылмаған. Тергеу барысында күдікті мен куәгерлер бірін-бірі түсінбеген. Ресми тілге аударылған құжаттардан да өрескел қателер табылған, деп отыр облыстық соттағылар. Ал, прокурорлар аталған істі тергеу барысында барлық фактілерді негізге алдық деп дейді.  

«Бүгінгінде  Өскенбековке қатысты 96-бабының 1-бөлігі және 287-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде... Макашовтың өтінішхаттары сотқа дейінгі тергеп-тексеру кезінде жан-жақты тексерілген. Бұл өтінішхаттар сол деңгейде берілген болатын», – деді облыстық прокуратураның басқарма прокуроры Нұрсұлтан Қалдырбай.

Іс қайта қаралып жатқандықтан прокуратура сот үкімі шығып, заңды күшіне енбегенше өзге ақпаратты жариялай алмайтынын айтады. Күдіктінің қорғаушысы да тергеу органы алдындағы заңды міндетіне сай сұхбат беруден бас тартты. Ал, жәбірленуші Жанат Мақашов аударма дұрыс жүргізілмеді деген факт әкесінің қазасына кінәлі адамды жазалауға негіз болмайды деп күдіктеніп отыр. Өйткені куәгерлердің пікірі бірнеше рет өзгерген, тапаншадан әкесінің саусақ іздері табылмаған.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров