Үш баланы құлдықта ұстап келген ұлытаулық әйел қамауға алынды

20.02.2024 01:22

Жауапты мамандар қыз баланың жұмысқа орналасуына көмектесетінін айтты

Almaty.tv

Үш баланы құлдықта ұстап келген ұлытаулық әйел қамауға алынды. Бұл туралы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бес жыл бұрын жетімдер үйінен жаңа жанұяға жылулық іздеп барған жеткіншектердің үміті ақталмады. 2018 жылы патронаттық ата-ана бір отбасының үш бірдей баласын балалар үйінен асырап алып, қызды күң, екі ұлды құл қылған. Балалардың кішкентайы сол кезде 8-де болса, үлкенінің 14-ке келген кезі екен. Оларды қаладан 20 шақырым жердегі фермада ұстап, мал бағуға мәжбүрлеген. Аталған фактіні облыстық прокуратура мен қорғаншылық және қамқоршылық органдары ақпанда анықтады.

– Қаңтарда кезекті жоспарлы рейд барысында мектептің әлеуметтік педагогі, білім бөлімінің қорғаншылыққа жауапты маманы және әдіскері бір отбасында болып, осы патронаттық тәрбиедегі балалардың жағдайы көңілі толмаған, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекова.

Асырап алушы тарап осы уақыт аралығында балалардың жәрдемақысын да өзі алып отырыпты. Балалар оқудан да қалған. Денсаулығына байланысты сабаққа бара алмады деген анықтама беріп отырған.

– Асырап алушы тараптан заңбұзушылық бар екені бесенеден белгілі. 2015 жылы бекітілген патронаттық тәрбие туралы ережеге сәйкес, асыранды балалар тұрақты бақылауда болуы тиіс. Сондай-ақ  қорғаншылық органдары олардың жағдайын үнемі тексеріп отыруы керек, – деді облыстық бала құқықтары жөніндегі уәкіл Гүлмира Жаппасова.

Патронаттық қамқоршы «қыз баланы айтқанымды орындамасаң немесе шағымдансаң, бауырларыңды енді көрмейсің» деп қорқытып келген. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиеваның айтуынша, ең сорақысы – жақында ғана бұл отбасы асырап алуға болатын басқа да балалар бар ма екен деп қызыға бастаған. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сараптама жүргізіліп жатыр.

– Ювеналды полиция қызметкерлері, прокуратура мен қорғаншылық және қамқоршылық органы жүргізген рейд кезінде Жезқазған облысының 55 жастағы тұрғыны анықталды. Ол көп жылдан бері асыранды балаларды соққыға жығып, күш қолданып келген. Сондай-ақ шаруа жұмыстарына жеккен. Аталған факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдікті уақытша қамау изоляторында отыр, – деді облыстық Полиция департаментінің бөлім басшысы Әділ Бахманов.

Айта кетейік, қыз баланың жасы қазір 19-да, колледжді аспаз мамандығы бойынша тәмамдаған. Ортаншысы да қазір колледжде оқиды. Ал кенжесі – әлі оқушы. Қазір олар балаларды қолдау орталығында.

– Биыл 2 ақпанда кешкі уақытта қиын жағдайға тап болған балаларды қабылдадық. Қазір балалармен педагогтар, психологтар жұмыс істеп жатыр. Жағдайы жақсы, өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Басқа балалармен тез тіл табысып кетті, ойын-сауық орталықтарына да барды. Балалардың барлық құқығы сақталады, – деді М. Құлышева атындағы қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығының директоры Ғазиз Жетібаев.              

Жауапты мамандар қыз баланың жұмысқа орналасуына көмектесетіндерін айтты. Сондай-ақ оларға баспана беру мәселесі де шешілетінін жеткізді.

Гүлмарал Изатқызы, Мақсат Күнібек, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Ұлытауда мүгедек жандардың зейнетақысын ұрлаған мекеме басшысы сотталды