Өткен жылы қаржылық мониторинг агенттігі бір жылда 29 қаржы пирамидасын анықтаған
Еліміздің қаржылық мониторинг агенттігі бір жылда 29 қаржы пирамидасын анықтап, 8 млрд теңгеден аса ақшаны иесіне қайтарған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Алматы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті мен ұлттық кооперативтер қауымдастығының бірігіп атқарған жұмысы дәлел.
Алматы облыстық экономикалық тергеп-тексеру департаменті кооперативтердің заңды жұмысын анықтау үшін осы салада қызмет ететін қауымдастыққа жүгінген. Өзара серіктестік арқасында былтыр «Елім-ай» тұтынушы кооперативінің қаржы пирамидасы екені анықталған.
«Кооператив деп адамдардан ақша жинаған. «Үй, машина алып береміз» деп 1,5 млрд ақшаны жымқырған. Қаржы пирамидасы ретінде кооперативтің ісі сотқа жіберілді», – деді Алматы облысы экономикалық тергеп-тексеру департаменті бірінші тергеу басқармасының орынбасары Данияр Қыдырәлиев.
Кооператив атын жамылған ұйым 2,5 мыңнан аса адамды алдап, 1,5 млрд теңге шығын келтірген. Ұйымдастырушысы ретінде екі адам ұсталған.
«Олар біздің қауымдастықпен және халықпен ашық сөйлесе отырып, экспертиза жасады. Қаржы пирамидасымен күресу үшін өте сауатты тәсілді қолданып жатыр», – деді ҚР Ұлттық кооперативтер және экономикалық қоғамдастықтардың басқа да нысандары қауымдастығы» ЗТБ президенті Қазыбек Шайх.
Сарапшының айтуынша, кедейлікпен күресудің, қаржылық қиындықтан шығудың бірден бір жолы – тұтынушы кооперативтері. Өйткені, халық кооператив арқылы пайызсыз не жеңілдетілген жүйемен баспаналы бола алады. Тек әттеген-айы, жұрт кооперативтер мен қаржылық пирамиданы ажырата алмай, алаяқтардың арбауына жиі түсіп жатады. Сол себепті де қауымдастық салаға мүдделі тұлғаларды заң тұрғысынан оқытып, курс өткізуді жүзеге асырған.
«Пайызсыз» деген сөзі естігенде қаржылық пирамида деген қорқыныш пайда болады. Біз сондықтан адамдарға заңға сәйкес нақты ақпарат беру үшін курс өткіздік», – деді тұтынушы кооперативінің өкілі Гүлмира Балымбетова.
Жалпы былтыр қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтық схемамен жұмыс істейтін 13 мың интернет сілтемесі мен аккаунтын бұғаттаған. 19 мың адамға ескерту жіберілген.
Назкен Еркін, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы