|
25.03.2021 | 20:29
38130

Қаскөй қолынан қаза тапқан Аяжан Еділованың өліміне қатысты жаңа дерек

Туыстары кінәлі азаматты өмір бойына бас бостандығанан айырылуын талап етеді

Қаскөй қолынан қаза тапқан Аяжан Еділованың өліміне қатысты жаңа дерек kaztag.kz

19 жасында қаскөй қолынан қаза тапқан Аяжан Еділованың туыстары кінәлі азаматты өмір бойына бас бостандығанан айырылуын талап етеді. 19 наурызда  кешкісін жұмысынан шыққан Аяжан сол күйі ізім-ғайым жоғалады. Кейіннен туыстары Полиция департаментіне хабар беріп, бойжеткенге іздеу салады. Ал, 21 наурызда Алатау ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінен оның денесі табылыпты. Оқиға орнына барған Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын толығырақ айтады.

Жантүршігерлік оқиға Алатау ауданы, Нұркент ықшам ауданындағы мына көпқабатты тұрғын үйдің 3-қабатында болған. Алдын-ала мәліметтер бойынша, Аяжан әлеуметтік желіде бейтаныс жігітпен танысады. Кейіннен жігіт оны кездесуге  шақырады. Полиция департаментінің хабарлауынша, араларында жанжал туындаған. Ашуға булыққан 27 жасар Түркістан облысының тұрғыны оны қатігездікпен өлтірген.

«Өзі Түркістан облысының тұрғыны екен. Еш жерде жұмыс істемейтін. Мәлім болғандай, дәл сол күні қыз баламен кездесіп, өз үйіне шақырған. Дәл сол күні бірнеше сағаттан кейін оны өлтірген болатын. Аса қатігездікпен, жауыздықпен. Қазіргі таңда бұл іс қылмыстық кодекстің 99-бабының екінші тармағы бойынша тергеліп, болған оқиғаның толық хронологиясы, мән-жайы және қылмыстың себеп-салдары анықталатын болады», – деді қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Қазір қылмыс орын алды деген пәтердің есігі жабық, арнайы мөр басылған. Айта кетейік, күдікті деп танылған бейтаныс жігіт ол пәтерді жалға алған. Еш жерде жұмыс істемейтіні анықталды. Бұрын сотталмаған. Ал, қаза тапқан Аяжанның туыстарының айтатын өз уәжі бар.

«Полицияға арыз қалдырғанымызда олар біраз уақытқа дейін іздеумен айналыспады. Олар дер кезінде әрекетке көшіп, бұл істің алдын-алған кезде қазір Аяжанды аман алып қалатын ба едік. Одан бөлек, Аяжан тапсырыс берген такси қызметінен қай уақытта машинаға отырды, қай мекенжайдан түсті, сол туралы ақпарат сұрайын дегенімізде олар мұндай ақпаратты тек прокуратураға беретінін айтты. Осылайша біз біраз уақыт жоғалтып алдық», – деді Аяжан Еділованың ағасы Алмат Муликов.

Біз Аяжан білім алған «Сымбат» сән академиясына да бардық. Мұғалімдерінің айтуынша, қыз өте талантты, әрі дарынды студенттердің қатарынан. Биыл 4-курста оқиды екен. Осы жылы жазда диплом алуға дайындалып жүргенін айтады.

«Еділова Аяжан біздегі ең талантты студенттердің бірі болатын біз үміт күткен. Сондай өте дарынды. Сол мамандық бойынша үлкен белестерді бағындырады деген ойда…», – деді «Сымбат» дизайн және технология академиясы директорының орынбасары Айдана Ырғабай.

Полиция департементінің хабарлауынша, қазір тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Онымен қоса, мәйітке сараптама жасалуда деді.  Қорытынды жұмыстары қанша уақытта дайын болатыны белгісіз. Нәтиже анықталғаннан кейін ғана жаңа деректер жарияланбақ.

Ұлағат Арғын


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров

Janalyqtar tizbegi

След. →
Прямой эфир