Шымкентте адам өлімімен аяқталған қылмыстық іске қатысты сот отырысы өтті

Almaty.tv
Almaty.tv
Қанды оқиға өткен жылдың тамызында орын алған еді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте адам өлімімен аяқталған қылмыстық іске қатысты сот отырысы басталды. Қанды оқиға өткен жылдың тамызында орын алған еді. Салдарынан бір адам әлі күнге дейін ауыр халде жатса, тағы бірі атыс кезінде жан тапсырған. Гранд-Прага мейрамханасында болған оқиға барысын бүгін куәгерлер баяндап берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкенттегі Гранд-Прага мейрамханасында орын алған қанды қылмыстың алғашқы сот отырысына келгендер аз болған жоқ. Олардың басым бөлігі жәбірленушілер. Ал, адам өлімімен аяқталған істің күдіктілері сотқа уақытша ұстау абақтысынан онлайн режимде қатысты. Қылмысты көрген куәлер де өз шындықтарын қашықтан айтты.

«Ғани келіп менің күйеуімнен басқа бір жігіт келуге болатынын сұрады. Күйеуім оған келсін деді. Сол кезде бір жас жігіт келді. Ол бәрімен амандасты, тіпті менің күйеуімді құшақтады. Содан кейін күйеуім “отыра беріндер, қазір келемін” деген. Олар сыртқа шықты. Бірнеше минуттан кейін құрбым екеуіміз әжетханаға бардық. Әжетхана 2 қабат төмен орналасқан. Бірнеше минуттан кейін жоғары көтерілдік. Администратор қыз жылап тұрды. Олар мені кіргізбеді. Мен атыстың дауысын естіген жоқпын», – деді куәгер.

Оқиға орнында болдым деген бұл келіншек өзін жәбірленушінің әйелімін деп таныстырды. Сөзінше жарақат алған оның күйеуі әлі де ауыр халде жатыр екен. Айта кетейік, Гранд-Прагадағы атыс ісіне қатысты соттағы куәгерлердің екеуі әйел.

«Күйеуім тіпті екі минутқа далаға да шыға алмайды. Оның жағдайы өте ауыр.  Дене қызуы күнде көтеріледі. Ол ұйқылы ояу жатады. Тіпті мүлдем денесін көтеріп, отыра алмайды», – деді куәгер.

Еске сала кетейік, сұмдық жағдай былтыр тамыздың 10-ында орын алған еді. Шымкент қаласындағы Гранд-Прага мейрамханасында атыс болып, соңында бір адам ажал құшқан. Тағы бірі ауруханада жатыр. Аты шулы істегі былықтың бәрі мұнымен бітпейді. 6 бап бойынша қозғалған қылмыста өзін-өзі өлтіруге жеткізу және жалған ақпарат тарату айыптары да бар.

«Өлтіру және кісі өлтіруге қатысты 3 адамға қатысты қылмыс және де жалған ақпарат тарату, әлеуметтік желілер арқылы. Сондай-ақ, қару қолдану,  қаруды заңсыз иемденіп алып жүру, тасымалдау сол қылмыс бойынша 3 сотталушыға қатысты айып тағылған. Ал, 4-ші сотталушыға қатысты ол жалған ақпарат тарату және адамды өз өзіне өлтіруге дейін жеткізу», –  деді прокурор Айдос Лебаев.

Айта кетейік, соты басталған қылмыстың іске қатысы бар күдіктілер түгел ұсталған жоқ. Бір күдікті әлі іздестірілуде. Қаланың бас полицейі оны бұған дейін Қазақстан ішінде деп мәлімдеген болатын.

Новости партнеров