|
02.02.2024 | 20:44
467

Кеніштегі өлім: марқұмның отбасы әділдік іздейді

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылып, іс прокуратураға жіберілді

Кеніштегі өлім: марқұмның отбасы әділдік іздейді elements.envato.com

Павлодарда адам өліміне қатысты қылмыстық іс бір жылдан бері сотқа жетпеген. Отағасынан айырылған отбасы істің әділ тексерілуін талап етеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Салтанат Сейітқұловтың апат алдында бейнежазба қалдырған. Онда марқұм  жүк көліктің тежегіші істемейтінін айтқан. Ал, арада бірнеше күн өткен соң дәл осы себептен азамат көз жұмған.

Әкесінен айрылған ұл "кәсіпорын басшылығы мұны біле тұра оны жұмысқа шығу мәжбүрледі, ал болар іс болған соң, техниканың тежегіші істемейтінін жасырмақ болды" деп санайды.

- Оқиға болған күні әкемнің әріптесі Серік есімді жігітті бастықтар жұмысқа шақырып алып, "сіз техникада ақау барын айтпаңыз" деген. Осы сөздері жазылған аудиожазба бар. "Механиктің бала-шағасы бар, егер тежегіші істен шыққаны белгілі болса, механикті соттайды" деген уәж айтқан, - дейді марқұмның ұлы Дархан Жақыбаев.

Жазатайым оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Бірақ 1 жылдан бері іс сотқа жетпей, жабылған. Марқұмның жақындары өңірдің еңбек басқармасы бұл іске қатысты тексеру жүргізгенін айтады. Нәтижесін полиция қызметіне тапсырыпты.

- 2023 жылы «Богатырь-көмір» мекемесінде жазатайым оқиға болып, адам өлімі тіркелді. Тергеу жүргізілді. Қорытынды бойынша 100 пайыз жұмыс берушінің кінәсі екені анықталды, - дейді Мемлекеттік еңбек инспекторы Абылай Сабыров.

Қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты Екібастұз қалалық полиция басқармасы өз жауабын айтты.  

- Аталған факті бойынша Екібастұз қаласының ПБ  сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Тергеу аясында бірқатар сараптама жүргізілді. Соның нәтижесінде қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылып, іс прокуратураға жіберілді, - дейді Екібастұз қалалық полиция басқармасының бөлім басшысы Айнұр Мұхамеджан.

«Богатырь-көмір» кенішінің басшылығы марқұм Салтанат Сейітқұловтың өзін кінәлайды. Олардың айтуынша, қызметкер жұмысқа кіріспестен бұрын техниканың тежегішін тексерген. Жол парағына қол қойған.

- Еңбек басқармасының 2023 жылдың 3 шілдесіндегі бұйрығы негізінде комиссия Павлодар облысы бойынша мемлекеттік инспектордың төрағалығымен арнайы тексеру жүргізді. Жұмыс барысында комиссия нақты себептерді және кінәлілерді анықтай алмады. Бірақ қауіпсіз еңбек жағдайының қамтамасыз етілмеуіне байланысты жұмыс берушінің кінәсін анықтады. Қаза тапқан қызметкер Салтанат Жақыбайұлы Сейітқұловтың жақын туыстарына қолдау көрсету және көмек көрсету мақсатында 8 млн 921 мың 801 теңге төлем жүргізді, - дейді «Богатырь-көмір» ЖШС Бас директоры Николай Корсаков.

Сақтандыру компаниясы қаза тапқан қызметкердің отбасына 10 жылдық еңбекақысын төлеуден бас тартқан. Бұған балаларының ер жетіп, оның асырауында болмағанын алға тартқан. Қазір кәсіпорын сақтандыру компаниясын сотқа берген.

Мадина Оқас, Әйгерім Тоқпанқызы, Алматы телеарнасы, Павлодар облысы

Оқи отырыңыз: Жамбыл облысында қар құрсауында қалған 25 адам құтқарылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир