«Жер аламыз деп жаза бастық» деген жиырма шақты адам 120 миллион теңге шығынға батқанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, өзін жердің заңды иесімен деп таныстырған әйел бір жер телімін бірнеше адамға сатып жіберген. Енді жер учаскесінен де, ақшадан да айырылдық деген бір топ адам құзырлы органдардан көмек сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жер алу үшін жиғанымызды беріп, алданып қалдық деген бір топ адам бүгін жиналып, базынасын айтты. Айтуларынша, Талғар ауданына қарасты Бесқайнар ауылында жерім бар деген азаматша өзін осы маңайдағы екі гектар жердің иесімін деп таныстырып, оны 10 миллион теңгеге сатқан екен. Кейін қазығын қағып, құрылысын бастауға келгенімізде мүлде басқа адамның атында екенін біліп, шалқамыздан түстік дейді шағымданушылар.
«Геодезистті де, бізді де өзі шақырып отыр, бір геодезист, бір нотариус, бір алдап отырған адам», – дейді жапа шегуші Айзат Оспанова.
Сан соғып қалған жиырма адамның ішіндегі Арман Құрманқұлов есімді азаматқа күдікті тіпті жерді көрсетіп, «учаскедегі барлық құрылыс нысанын бұзып тастап, қайта салсаң болады» деп жомарттық танытыпты. Арманның айтуынша, армандап жүрген жері жалған болып шыққан.
«Тура осы күйі қоршалған жер. Шамамен, бір гектардың төңірегінде. Ана жерде фундамент бар, 15/15 етіп салынған, мұнда тағы бір фундамент бар, ол жерде бассейн болды, бетон құйылған», – дейді арыз беруші Арман Құрманқұлов.
Аузымыздан жырып, қалтамыздан тіліп, бар жиған-тергенімізді беріп, сатып алған жер телімін басқа адамның атында екенін тек бірнеше айдан кейін білдік дейді шағымданушылар. Олардың сөзінше, жалпы шығын көлемі 120 миллион теңгені құрайды екен. Енді олардың талабы заңның барлық күшімен кінәлі адамды жазаласа екен деп отыр.
Арызданушылар алдағы уақытта алданғандар саны көбеймес үшін құзырлы органдардан тездетіп істің қаралуын сұрайды. Өйткені бізді рәсімдеген нотариус әлі де сол адаммен бірлесіп жұмысын жалғастырып жатыр дейді.
«Ол геодезист шақырады да, сол жерді атып береді. Сосын біз өзіміз артынан геодезист шақырсақ, мүлдем басқа жер болып шығады», – дейді жапа шегуші Арман Оспанов.
Ал құзырлы органдар аталған іске қатысты арыздың түскенін растап отыр. Тергеу кезінде аталған әйелдің кінәсі дәлелденсе, тиісті жазасын алатынын айтады.
«Аталған факт бойынша Талғар ауданы полиция басқармасында 54-жастағы әйелдің үстінен ҚР Қылмыстық кодесінің 190-бабы 4-бөлігі бойынша қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі таңда істің мән-жайын анықтау бойынша тергеу амалдары жалғасуда», – деді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әбілтай Әбенов.
Ал жер құжаттарын рәсімдеу барысынды барынша мұқият болу керек деген заңгерлер мұндай істің ұзаққа созылуы мүмкін деп отыр. Өйткені қандай жер болмасын тиісті құжатта тіркеуде болғандықтан, оны дәлелдеу өте қиын дейді.
«Мұндай жағдайлар көп кездеседі. Жер телімін сатып алар кезде, бірінші жер телімінің мемлекеттік актісін тексеріп алу керек. Нақты ол жер емес, басқа жерді көрсетіп, соған мән бермеген адамдар алданып отыр», – дейді Алматы қаласы адвокаттар алқасының мүшесі Тілеужан Кішкенебаев.
Сонымен қатар заң өкілдері кез келген жерді сатып алу барысында тек мемлекеттік рұқсаты бар мамандарға жүгінуді сұрайды.
Әлібек Шынтемір, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы