Қылмысқа баратын 17 мен 25 жас аралығындағы жастар қатары көбейген
«Сериалдардың біріндегі кейіпкерге еліктеймін деп есірткіге есім кетті». 22 жасында нашақорлыққа салынып, тергеліп жатқан азамат мұндай былыққа қалай келгенін айтып берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Енді жас жігіт аса ірі мөлшердегі психотроптық затты сақтағаны үшін ғұмырының бір бөлігін темір торда өткізуі бек мүмкін. Себебі құзырлы орган өкілдері мәлімдегендей, психотроптық заттармен байланысқандардың заң шеңберіндегі жазадан құтылуы екіталай.
Студент бола тұра жалақысы жақсы жұмыста істеп келген 22 жастағы алматылық барынан бір сәтте-ақ айырылды. Тыйылмаған нәпсі мен психотроптық заттың 4 граммы оның өмірін бір сәтте-ақ ойрандаған. Күдікті атанған азамат есірткіні қайдан және қалай алу керегін кино туындылардың бірінен көргенін айтады.
«Негізі сол сериал арқылы таныстым. Сол нәрсенің бар екенін біліп, оған дейін ондайдың бар екенін де білмегенмін. Бір рет иіскеп көрсем, адреналин алам деп ойладым. Негізі оны алатын кезде де бірінші статьямен таныспаппын. Ол туралы хабарым болмапты. Қанша жылға қамайтынын білмедім», – деді күдікті.
Жас жігіт есірткі сақтағаны үшін 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қазір ол Алматыдағы ЛА-155/18 тергеу изоляторында қамауда отыр. Мұнда одан басқа есірткіні тұтынып қана қоймай, оны сатып өзінің де, өзгенің де тағдырын талқандағандар тергеліп жатыр. Мәселен, мына 38 жастағы алматылық есірткі саудасымен жарты жылдай айналысып келген.
«Біз есірткіні кімнен алғанымызды білмейтінбіз. Тапсырыс береміз, ал олар бір жерге жасырып кетеді. Осылайша бұл кәсіпке айналды. Есірткіні орап, клиенттерге тасып жүрдім. Кейде өз қолына тапсырсам, кейде көзден таса жерге жасырып кететінмін. Мефедрон алушылардың дені жастар еді», – деді күдікті.
Прокуратура ұсынған дерекке сүйенсек, жыл сайын кемінде 70-ке жуық адам есірткі саудасымен айналысқаны үшін, 60-қа жуық адам заңсыз сақтағаны үшін жауапқа тартылып жатыр. Құзырлы орган өкілдері, соңғы уақытта дәл осы қылмысқа баратын 17 мен 25 жас аралығындағы жастар қатары көбейді дейді.
«Соңғы уақытта «мефедрон» және синтетикалық есірткі саудасы жастар арасында көп тіркеліп жатыр. Есірткі сату аса ауыр қылмыстар қатарына жатады. Егерде оны ұйымдасқан топ, жастарға сататын болса оған өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Ірі мөлшерде сатса 15 жылға бас бостандығынан айырылады», – деді қала прокурорының көмекшісі Әлішер Мырзаханов.
Құзырлы орган өкілдері қала тұрғындарын есірткі затынан барынша аулақ болуға шақырады. Себебі, қарапайым психтроптық заттың 1 граммын сақтағаны үшін 3 жылдан 7 жылға дейінгі бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Оразай Нұртай, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы