Атырауда 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол салды

18.09.2024 02:00

Жасөспірімнің мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз

elements.envato.com

Атырауда 8-сынып оқушысы өз-өзіне қол салды. Жантүршігерлік оқиға 10 қыркүйекте болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде тараған ақпаратты бүгін полиция растады. Қаладағы орта мектептердің бірінде 8-сынып оқушысы кешкілік уақытта өз үйінде көз жұмған. Оқуда озат, алғыр, үнемі жарқын мінезді жүретін оқушының мұндай әрекетке барғанын естіп, ұстаздары да аң-таң. Өйткені қыз бала сол күні сабаққа қатыспаған. Мұғалімдері «оқушының ешқандай оғаш қылығын байқамадық, мінез-құлқысынан өзгеріс көрмедік» дейді.

Оқушының өрескел қимылын байұамадық. Ол туралы жаман пікір айтылмаған. Мектепте жақсы оқиды, ақкөңіл оқушы. Басқа да бір қылықтарын көрген жоқпыз. Не себеп болғаны бізге де беймәлім болып отыр, – деді № 24 мектептің директоры Әлия Еділбаева.

Полиция аталған іске қатысты іс бастап үлгерген. Тергеу Қылмыстық кодекстің «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бабымен қозғалды. Әзірге оқушының мұндай әрекетке не үшін барғаны белгісіз.

– Атырау қаласындағы жасөспірімнің өз-өзіне қол жұмсау дерегіне қатысты қылмыстық іс қозғалды. Іске қатысты кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жарияланбайды, – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.

Айта кетейік, аталған оқиғадан соң өңірдегі барлық білім беру ұйымында түрлі түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, әлімжеттікке қарсы күрес шаралары күшейтілді.

Жұлдыз Қайратқызы, Фархат Тәжібаев, «Алматы» телеарнасы, Атырау облысы

Оқи отырыңыз: Ауыз судың азабы: Кегенде құдыққа түскен 3 азаматтың өліміне не себеп болды