«Бір-бірін құтқарамыз деп құдықтан шыға алмай қалған». Алматы облысы Кеген ауылында қайтыс болған үш бірдей азаматтың туыстары осылай дейді. Бүтін бір елдімекеннің қабырғасын қайыстырған қайғылы жағдай кеше болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Дүйім жұрттың жағасын ұстатқан қайғылы жайт кеше кешкісін Кеген ауылында болған. Сағат 18:00 шамасында 3 азамат құдыққа түсіп, 2 сағаттан кейін олардың денесі табылған. Ойламаған жерден болған оқыс жағдай Айтпаевтар әулетіне орны толмас қасіретке айналды. Марқұмның әпкесі отбасының ер азаматтарынан айырылғандарын айтып, көз жасын тыя алмады.
– Екі бірдей бауырымнан айырылып қалып отырмын. Есіктің алдында жүретін. «Далада жүр екен» деп ойлап қалдық. 10-15 минутта көршілер келіп, Серікбайды сұрады. Іздей бастадық. «Құдықтың қасында аяқ киім жатыр» дегенді естіп, жүгіріп бардық, – деді марқұмның әпкесі Дина Айтпаева.
Аты да берілмеген бұл көше тұрғындары қара жамылып, қан жұтып отыр. Дәл мына құдықтан кеше кешке 3 бірдей адамның денесі табылды. Бір қарағаннан су құбыры екенін бірден түсінбейсің, себебі үсті топырақпен жабылып, көшенің қақ ортасында негізгі жол жабындысынан төмен салынған. Суға зар болып отырған тұрғындар ақауды тексермек болып, 2,5 метр тереңдікке түсіп, сол күйі шыққан жоқ. Олардың су бетіне қалқып шыққан заттары мен аяқ киімдерін көрші бала көріп дабыл қақты. Алдын ала болжам бойынша, үш азамат уланудан көз жұмды. Себебі құдықтың беті бір жарым айдай топырақпен көміліп тұрған. Ал қауіпсіздік нормаларына сәйкес, су құбырларын жауып тұратын қақпақта ауа айналымын қамтамасыз ететін тесік болуы шарт.
– Жолға асфальт төселгелі 6 жыл болдыСу құбырының құдығын ешкім байқамаған. Арнай мекеме, жол инспекторы, Кеген аудандық бөлімі бар, солардың бәрі қайда қараған?! Бір үй отағасынан айырылса, екінші отбасының шаңырағы ортасына түсті. Кім кінәлі? – деді Кеген ауылының тұрғыны Мақпал Шабдан.
Ауыл тұрғындары су болмай қалса, өздері жөндейді. Өйткені мамандар уақытылы келмейді. Ал оқиға орнына жеткен жауапты мекемесінің басшысы мұны жоққа шығарып отыр. Оның айтуынша, олар жұртшылықпен үнемі түсіндірме жұмысын өткізіп жүр. Десе де қауіпсіздікті қадағалап, тексеріс жүргізуге асықпаған көрінеді. Кез келген адамға құдықтың бетін ашуға рұқсат жоқ деген компания өкілі су құбырын тек арнайы қызметкерлер тексеретінін жеткізді.
– Бізге ешқандай хабарлама келген жоқ. Егер хабарлама берілсе, жөндейміз. Арнайы апаттық жағдайда қызмет ететін топ бар. Ескертулер әлеуметтік желілерде, жарнамаларда жазылған. «Кеген су құбырына» қарасты құдықты ешқандай адам ашуға, ішіне түсуге рұқсат жоқ. Тек біздің қызметкерлер арнайы келіп, өздері ашып, жұмыс жасайды, – деді «Кеген су құбыры» Мемлекеттік коммуналдық мекемесінің басшысы Алмас Сейітқожа.
– Биыл жол мекемесі арқылы техникалық құжаттама жасалып жатыр. Келесі жылдың бюджетіне өтінім беріледі, – деді Кеген аудандық ТҮКШ және Тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Бек Әбдіманапов.
Қара жамылған отбасына аудан әкімі де келіп, көңіл айтты. Қайғылы оқиға қауіпсіздік ережелерін ескермегендіктен болды. «Ауылда су тапшылығы бары анық, бірақ мәселе шешімін тауып келеді» деген аудан басшысы басқармаға тапсырма берілгенін айтып сендірді.
– Арнайы мамандар кешеден бері аудандық ІІД, прокуратура, ҰҚК қызметкерлері дәрігерлерден бастап тексеріп жатыр. Қандай жағдай болғаны анықталады. Құдыққа қатысты ескертіліп, айтылып жүр. Бірақ мұндай жағдай болады деп ешкім ойлаған жоқ, – деді Кеген ауданының әкімі Нұрбақыт Теңізбаев.
Бір ғана қараусыз құдық үш адамның өліміне себепші болды. Ауылдағы ағайын «қаралы оқиға жергілікті биліктің жауапсыздығынын болды» десе, енді бірң «жайт басқаларға сабақ болды, тұрғындарды абай болуға үйретті» деп отыр.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Жағымсыз иіс: мал сою орнындағы қалдық су ауылға тарап кеткен