Дүкеннің бір күндік табысын иемденген: гипнозбен алаяқтық жасайтындар жайлы не білеміз

Дүкеннің бір күндік табысын иемденген: гипнозбен алаяқтық жасайтындар жайлы не білеміз
Мұндай алаяқтардың айласына жиі түсетіндердің басым бөлігі саудагерлер
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Абайлаңыз. Гипнозбен алаяқтық жасайтындар көбейді. Олар адамның көңілін аулау арқылы бір мезетте бағалы заттар мен ақшаны қолды қылып жүр. Ал мұндай адамдар қандай алгоритммен жұмыс істейді? Олардың қармағына қалай түсіп қалмауға болады? Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың материалында.

Мұндай алаяқтардың айласына жиі түсетіндердің басым бөлігі саудагерлер. Қала базарларының бірінде сауда-саттықпен айналысып, күнін көріп жүрген Анар Киллабекова да осындай алаяқтың құрбаны болыпты. Бейтаныс адам кәсіпкердің 140 мың теңгесі мен бағалы тауарларын бір мезетте қолды қылған.

«Бір жігіт келді, Оралдан клиентіңізбін деп. Мына-мына тауарларды салыңыз деп, мен жанталасып салып жатырмын. Балам мектептен келіп қалды. Арба шақырды балам. Кетті жүгіріп. Бір кезде бұрылып қарасам, жаңағы жігіт жоқ. Мен мың доллардың тауарын салып қойғанмын қапқа. Тағы мына жақтан 140 мың», – деді саудагер Анар Киллабекова.

Осындай алаяқтардың бірі Жетісу ауданында ұсталған. 32 жастағы әйел адам негізінен сауда үйлерінде қулығын асырып келген. Сөйлесу барысында гипнозды қолданып, кассада тұрған дүкеннің бір күндік табысын иемденген. Сатушы есін жиған кезде, гипнозшы жоқ болып шыққан.    

«Жетісу аудандық полиция басқармасының қызметкерлері 1988 жылы туылған Р есімді азаматшаны қолға түсірген болатын. Бұл азаматша гипноз қолдану арқылы сатушылардың қолдарындағы ақшаны иемденген. Ол Қылмыстық кодекстің 190-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған», – деді Алматы қалалық ПД ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Мамандардың айтуынша, гипнозды тек жоғары интеллекті бар аса білімді адамдар ғана меңгере алады. Тиісінше мұндай жандар өз қабілетін жаман істерге қолданбайды дейді психолог. Ал, әлгі алаяқтар көбіне адамның назарын басқа жаққа аудару әдісін пайдаланады екен.

«Бұл адамның назар аудару фокусын басқару деп аталады. Алайда мұндай әдіс гипнозға жатпайды. Алаяқтар көбіне 2 адам болып әрекет етеді. Яғни, бірі «Маған тезірек қаламсап беріңіз, нөмірді жазып алуым керек» деп бар назарыңызды басқа жаққа аударады. Ал осы уақытта екнішісі қитұрқы әрекеттерін іске асыруы мүмкін», – деді ҚР Психологтар қауымдастығының президенті Владимир Стеблянко.

Маманның айтуынша, алаяқтың айласына түспеу үшін бар назарды бағалы заттарда ұстау қажет. Сондай-ақ, бейтаныс адам бастаған әңгімеге араласпай, тақырыпты өзгертіп отырған жөн.  Айта кетейік, жыл басынан Алматыда «Алаяқтық» бабы бойынша 2 мыңдай қылмыстық іс қозғалған.

Сымбат Ноғай, Рашид Шүкірәлиев, Сағынғали Мұңайтбасов, «Алматы» арнасы

Новости партнеров