Атырауда № 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында мүмкіндігі шектеулі балалардың әжетханада қолы байланған видеосы тарады. Ал, оқиғаның өзі сәуірде болған көрінеді. Мамандардың қарауын қажет ететін бұл жайт ерекше жеткіншектерге жасалған қатыгездік пе, әлде басқа ма? Қателік кімнен? Толығырақ Almaty.tv тілшісі тарқатсын.
Арнаулы әлеуметтік мекемеде 104 қызметкер балалардың қауіпсіздігіне жауап береді. Мекеме басшысының айтуынша, мұндай жағдайлар мүлдем болмайды, жағдай үнемі бақылауда дейді. Осы уақытқа дейін ешқандай шағым түспегенін жеткізді.
«Сол кезде ол кісі маған ондай мәселені айтқан жоқ. Балаларды әжетханаға отырғызған кезде сол топқа бөлінген тәрбиешісі байлау фактісі болған алған жоқ. Сол күнгі тәрбиешіден сұраған кезде мен балаларды байламағанын айтты», – деді №3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының басшысы Гүлжан Қазиева.
Ал, интернаттың бұрынғы қызметкері Ұлбике Бисекенованың айтуынша, расында көмекке мұқтаж балаларға мекеме қызметкерлері бассыздық танытып отыр, дейді. Балалардың байлануы туралы шағыммен басшылық алдына бірнеше рет барған екен.
«Мен бірнеше рет көрдім. Мен айтып жүрдім балалар байланып жатыр деп, қараңыздар деп, бастық Гүлжан Кенжеғалиқызы менің айтқан сөзімді тыңдамайды. Бұл бірінші жағдай емес екен, бұларды үнемі байланып тұрады екен», – деді қала тұрғыны Ұлбике Бисекенова.
Бұл мекемеде мүмкіндігі шектеулі 38 бала стационарлық бөлімде, 39-ы күндізгі бөлімде, барлығы 77 бала тәрбиеленеді. 8 сәуірде болған оқиғаға байланысты тергеу шілде айында ғана басталған.
«31 шілдеден бастап ҚК 110-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Алайда қазіргі таңда қылмыстық іске күдікті ретінде танылған екі тәрбиешінің короновирус инфекциясымен ауырып жатқандықтан, олар ем алып жатыр. Соған байланысты сәл тоқтап тұр. Интернаттағы балалардың денесінде ешқандай дене жарақаты анықталмаған», – деді облыстық ПД баспасөз хатшысы Мейірім Ердәулет.
Айта кетейік, әжетхана бөлмесінде бейнебақылау камерасы орнатылмаған. Ал, жауаптылар заң жүзінде барлығы анықталып, кінәлілер жазаланады деп отыр.
Райымбек Сафиолла, Айбек Байзақов