Қазақстанда қаржылық пирамидаға алданғандардың қатары азаймай тұр. Таяуда қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі құқық қорғау органдарымен бірлесе отырып «Финико» компаниясының қызметін әшкереледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әлеуметтік желілер арқылы табыс табуға шақырып, өз қызметін белсенді жарнамалайтын ұйымның уәкілетті орган берген лицензиясы жоқ болып шықты. Сәйкесінше, аталған компанияға инвестиция құю аса қауіпті, дейді мамандар.
«Бұл компания күніне 1 пайыз мөлшерлемесінде кіріс табуды ұсынған болатын. Ол нарықтық мөлшерлемеден 43 есеге асып отыр. Компания Ресей Федерациясында. Оған қылмыстық іс қозғалған болатын. Жалпы, шығын сомасы 80 млн рубльге дейін жетіп отыр», – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас маманы Асқар Балабеков.
Пайыздық мөлшерлеме мен тегін қызмет көрсету арқылы тұтынушыларын қызықтыратын компания арнайы есеп айырысу шоттарын да пайдаланбайды екен. Анықталған ақпарға сәйкес, аталған ұйым алаяқтық операцияларын жүргізу үшін ақшаны тек қолма-қол қабылдайды немесе Qiwi-кошелек, Яндекс-ақша, Easy Pay, PayPal сынды интернет төлемдерді пайдаланады.