Алаяқтар мүгедектерді де аямайды. Қарағанды облысының бірнеше тұрғыны зейнетақы шоттарынан қаржысының жымқырылғанына шағымданды. Олардың айтуынша, бір ай бойы күтетін ақшалары шотқа түскен бойда жоқ болған. Ешкімге жеке мәліметтерін бермеген. Ешқандай операция жүргізбеген. Күнкөріс табыстарынан қағылған мүмкіндігі шектеулі жандар мәселеге жауапты органдардың араласуын сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Таңсәуле Серіков – кеселдің кесірінен қос аяғынан айырылған бірінші топтағы мүгедек. Оның тамыз айына түскен зейнетақасы әп-сәтте жоқ болған. Айтуынша, ешқашан, ешқандай операция жүргізбеген. Тек түскен бойда өзге банктің шотына аударып отырған. Оның үстіне, бұл арнайы шот болғандықтан, төлем жасауға жарамсыз. Бірақ алаяқтардың жеке мәліметтерін қайдан, қалай алғанын білмейді. 120 мыңнан астам теңгені базбіреулер телефон нөміріне түгелдей аударып алған.
«4 тамыз күні сағат 3-тің кезінде ашып қарасам, шотымда тиындар жатыр екен. Бірақ әрдайым тұрақты бір сома жататындықтан, маған күдікті көрінді. Ашып қарасам, 4 транзакциямен «Алтел» және «Билайн» нөмірлеріне ақша аударымы болған екен. Ұялы телефонға ешқандай СМС келген жоқ, ешқандай ескерту болмады және мен ол нөмірлерді білмеймін. Мен біріншіден, ешқандай операция жасамадым, екіншіден жасамаймын да... Мен сияқты Сол төлемақыға қарап отырған мүгедек адамдар көп қой», - дейді Қарағанды қаласының тұрғыны Таңсәуле Серіков.
Жанна Бакенова да бір аяғынан айрылған мүгедек жан. Кәмелет жасына толмаған екі баласын бір өзі асырап отыр. Қызы да денсаулығына байланысты зейнетақы алады. Сол мемлекеттің берген ақшасымен күн көреді. Ол да азық-түлік, дәрі-дәрмегіне жетпегендіктен арасында тоқыма тоқып, үйлерге жөндеу жұмыстарын жасап нәпақа табамын дейді. Таңсәуле кейіпкеріміздей, ол да ешқашан арнайы шот арқылы төлем жасамаған. Тек банкоматтан шешіп алып отырған. Осы айда қызына және өзіне түскен ақшасын алаяқтар аударып алыпты.
«2 қыркүйек күні зейнатақы түсті деген хабарлама келді. Қызым үйде болмаған соң құрбымды шақырып, ақшаны шешіп беруге көмек сұрадым. Ол келгенше алдымен 2 мың теңге шешіліп алынды деген СМС келді. Түсінбедім, карта үшін ұсталған комиссия шығар деп ойладым. Одан кейін тағы ақша шешілді деген хабарлама келді. Банкоматқа барсам, 102 мың теңгемді жымқырыпты», - дейді Теміртау қаласының тұрғыны Жанна Бакенова.
Сонда елімізде мұндай арнайы шоттар да алаяқтық әрекеттерден қорғалмаған ба деген заңды сұрақ туындайды. Азаматтардың дербес деректері арам пиғылды адамдарға қолжетімді болғаны ма? Осы сұрақты Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрілігіне жолдадық. Сөйтсек, себепсіз банктерді тексеруге рұқсат жоқ. Тек егер жеке мәліметтерім таралды деген күдік туған жағдайда ғана министрліктің арнайы комитеті тексеріс жүргізе алады екен.
«Зейнеткерлердің шоттарынан ақша жымқыру бойынша министрлікке де немесе тікелей біздің ақпараттық қауіпсіздік комитетіне де арыздар жазып, сәйкесінше, сол сұрақтың бәрін көрсетсе, барынша материалдарды қосып берсе, біз ол мәселені қарастырамыз және тиісті шешімдер қабылдаймыз. Егер біздің құзіретімізге кірмейтін сұрақтар көрсек, сәйкесінше, оны тиісті мемлекеттік органға бағыттаймыз», - деді ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Дербес деректерді қорғау басқармасының басшысы Әділетхан Қабдеш.
Бұдан артық жауап ала алмаған соң кейіпкерлерімізге қызмет көрсететін банктен мән-жайды білмек болдық. Зардап шегушілерден өтініш түскенін олар да растады. Алайда баспасөз қызметі банк өкілдерінің бетпе-бет сұхбат беруғ мүмкін еместігін айтты.
«Клиент Ж.К. Бакенованың төлем картасы бойынша ұялы байланыс нөмірінің теңгерімін толтыру бойынша алаяқтық операциялар және банк клиенттерінің бірінің картасына аударымдар жасалған. Клиент Т.Г. Серіковтың төлем картасы бойынша ұялы байланыс нөмірінің теңгерімін толтыру бойынша алаяқтық операциялары жүргізілген. Көрсетілген фактілер бойынша Банк клиенттерінің төлем карталарын пайдалана отырып алаяқтық операциялар жасаған тұлғаларды анықтау үшін құқық қорғау органдарына өтініш жасады. Құқық қорғау органдары тергеу іс-шараларын жүргізілуде», - делінген банктің баспасөз қызметінің хабарламасында.
Ал Ішкі істер министрлігінің өкілдерінің мәліметінше, биыл осы іспеттес 40-қа жуық алаяқтық іс тіркелген. Оның ішінде интернет арқылы алдап-арбау, мәліметтерді ұрлау көбейген.
«Осы интернет алаяқтықтың ішінде ең көп дамыған түрлерінің бірі – алдау жолымен интернет арқылы жалған ақпараттар тарату, яғни ол жерде азаматтардың өзі жеке деректерін берген болып саналады. Екіншісі түрі – жалған интернетте, жалған сайттарда жеке деректерін жариялау. Сол арқылы қылмыскерлер сол деректерге қол жеткізіп, азаматтардың жеке шотына қол сұққан», - деді ҚР ІІМ Тергеу департаментінің аға тергеушісі Саят Мүтан.
Қазір кейіпкерлеріміздің ісі бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Банк істің қортындысы шықпағанша ешкімге жымқырылған соманы қайтармайды. Ал алаяқтар қолға түсе ме, ол жағы да беймәлім. Сол себепті Таңсәуле мен Жанна зейнеткерлер мен мүгедектердің арнайы шоттарын мықтап қорғау мәселесіне Үкімет назар аударса дейді.
Айта кетейік, құқықтық статистика комитетінің мәліметі бойынша, биыл 900-ге жуық зейнеткер мен мүгедек алаяқтықтан зардап шеккен.
Асылек Тойбек, «Алматы» телеарнасы