Петропавл тұрғыны баласының өліміне полиция қызметкерлерін кінәлап отыр

20.08.2021 02:24

Оқиғаға 5 жыл өтсе де, әділ сот шешімі шықпағанына күйінген тұрғын аштық та жариялапты

Almaty.tv

Петропавл тұрғыны баласының өліміне полиция қызметкерлерін кінәлап отыр. Оқиғаға 5 жыл өтсе де, әділ сот шешімі шықпағанына күйінген тұрғын аштық та жариялапты. Бүгін полиция департаменті мен қалалық прокуратура қызметкерлері осыған қатысты түсініктеме берді. Толығырақ өңірдегі Almaty.tv тілшісі тарқатсын.  

Ирина Рейбант  5 жыл бұрын ұлынан айрылған. Ал, өлімге баласын аямай сабаған полиция қызметкерлері кінәлі деп санайды. Себебі марқұм 2017 жылдың 2 наурызында құқық қорғау органы қызметкерлерімен уақытша бейімдеу орталығына жеткізіліп, кейін үйіне түрлі дене жарақаттарымен оралған. Полиция жәбірленушінің сөзін жоққа шығарып, марқұмның өзін-өзі жарақаттағанын айтады.

«Рейбант кеудесіне бұрын жасырған шыны бөтелкені сындырып, білегінен кесе бастады. Полиция қызметкерлері оның бұл әрекетін тоқтатып,  одан әрі өзіне дене жарақатын келтірмеу үшін оған кісен салып, жерге жатқызған. Алайда А.Рейбант өзіне дене жарақатын салуды жалғастырып, басын жерге ұра бастады», – деді облыстық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының жетекшісі Арман Атанов.

Осы оқиғадан кейін арада 3 ай уақыт өтіп, Анатолий Рейбант өз үйінің кіреберісінде қайтыс болған. Сот-медициналық сараптаманың нәтижесі марқұмның өлімі асқазан тыныс алу жолдарының жабылуы нәтижесінде орын алған механикалық асфиксиядан, нақтырақ айтқанда, құсығының салдарынан болғанын көрсеткен. Ал, марқұмның анасы сараптама нәтижесімен келіспей, өлімге дене жарақаттары себеп болғанын айтуда. Полиция жәбірленушінің бұл тұжырымын да теріске шығарып отыр.    

«Осы орайда бізге эксперт асқазан ішіндегісімен тыныс алу жолдарының жабылып, механикалық асфикцияның орын алуына бұған дейінгі болған дене жарақаттары мүлде себеп бола алмайтынын айтты. Яғни, марқұмның мұрыны жарақат алып, демалуы қиындаған болса да, бұның өлімге еш қатысы жоқ. Дене жарақаттары өлімге себеп емес», – деді облыстық ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасының жетекшісі Арман Атанов.

Жәбірленуші Ирина Рейбант 1 ай бұрын прокуратураның алдына аштық жариялап барған еді. Солдан бері нәр татпай жүргеніне 25 күн болған. Марқұмның анасы денсаулық жағдайына байланысты келе алмағандықтан, брифингке оның қызы қатысты. Сөзінше, Ирина Рейбант әділ сот ісі шыққанша аштығын жалғастыра бермек.

«Анамның жүріп тұруы қиындады. Ол көбіне бас көтермей жатады. Су да ішкісі келмейді. Қатты арықтап кетті. Қанша рет оны райынан қайтаруға тырыстық, бізді тыңдамайды», – деді марқұмның туысы Татьяна Баторина.

Айта кетейік, 5 жыл бұрын осы жағдай бойынша «қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану» және  «өзін-өзі өлтіруге апару» баптары бойынша сот ісі қозғалған болатын. Ал, 2021 жылдың 15 шілдесінде ол «қылмыс құрамы жоқ» деген негізбен тоқтатылған. Енді сот ісі прокуратураға қайта қарауға жіберілмек.