Шлакоблокпен ұрып өлтірді деген студент ісіне қатысты сот үкімі шықты

 Шлакоблокпен ұрып өлтірді деген студент ісіне қатысты сот үкімі шықты
17 жастағы бозбала өткен жылы құрдастарынан соққы жеп, жансақтау бөліміне түскен
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкентте шлакоблокпен ұрып өлтірді деген студент ісіне қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

17 жастағы бозбала өткен жылы құрдастарынан соққы жеп, жансақтау бөліміне түскен еді. Ауруханада бір аптадан аса жатқан жігіт сол күйі тілге келмей қайтыс болды. Ал, оның өліміне кінәлі деп 6 адам айыпталды. Бір жылға жалғасқан тергеу аяқталып, ақыры сот іске нүкте қойды. Бір баланы топтасып ұрған бозбалалар 6 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Құрдастары шлакоблокпен ұрып өлтірді деген студент ісіне ақыры сот нүкте қойды. Бүгін өткен соңғы сот отырысына жәбірленуші мен сотталушылардың ата-аналары түгел жиналды. Үкімді тағатсыздана күткен олар сот шешімі оқыла бастағаннан көз жасын тыя алған жоқ. Ал, сотталушылар болса, берілген мерзімді естігенде жанын қоярға жер таппай кетті. Үкімге уақытша ұстау абақтысынан онлайн қатысқан олар отырған орнынан тұрып, теңселіп кетті.

Сонымен 17 жастағы шымкенттік студентті топтасып өлтірді деген айыппен 6 жігіт бас бостандығынан айырылды. Ең азы 6 жыл арқаласа, ең көбі 8 жылға сотталды. Судья сөзінше, ең көп мерзімді алған жігіттің 8 жылға сотталуына оның кәмелет жасына толуы себеп болған. Ал, қалған қылмыскерлердің барлығы күдікке ілінгенде 18 жасқа толмаған екен.

«Бұл жерде көрсетілген ең ауыр жаза кәмелетке толмағандарға 10 жылдан аса тағайындалмайды. Сондықтан 2,3 бөлігімен жаза тағайындалады. Ол 10 жылдан санайтын болсақ, 6 жыл 8 айдан жаза тағайындалады кәмелетке толмағандарға. Бұл жерде 1 сотталушы қылмыс болып қойғанда 18-ге толып қойған болатын. Төбелестен 1 ай бұрын. Сондықтан ол балаға 8 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», – деді қалалық кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Дәурен Сайханов.

Бірақ соттың бұл үкімімен құрдастарының қолынан қайтыс болған Абзал Уткуровтың ағасы келіспейді. Сөзінше, туған бауырының өліміне қатысы барларға берілген жаза тым жеңіл.

«Аппеляцияға береміз. Тым жеңіл жаза берді. 106-баппен кем дегенде 8 жылдан беру керек еді. Әрқайсысына 8 жылдан беруі керек еді. Үсіпбаев Жанболатқа ғана 8 жыл берді. Бәрі бірдей қылмыс жасады. Толық үкім шығарғанын қалаймын», – деді жәбірленуші Алмаз Уткуров.

Ал, сотталғандардың жақындары болса, берілген мерзімді тым көп деп отыр. Тіпті, сөздерінше, нағыз кінәлілер бостандықта екен. Осылай деп жәбірленуші жақтың жағасын алған ата-аналар сот үкіміне қарсы. Бәрібір өз шындығымызды орнатамыз деген олар соттан кейін шу шығарды.

«Біздің балалар кінәсіз. Ол жерде тастың бір ударымен өлген ол бала. Дұрыс па? Солай экспертизада да бар. Біздің балалар кінәсіз. Неге ұрған бала 6 жыл алады да, неге біздің балалар 8 жыл алады? Бұл әділетсіз», – деді сотталушының әпкесі Сапаркүл Үсинбаева.

Еске салайық, шымкенттіктердің жағасын ұстатқан оқиға былтыр болған еді. Мамыр айында құрдастарынан соққы жеген студент Абзал Уткуров араға бір апта салып жансақтау бөлімінде жан тапсырған болатын.

Новости партнеров