Шымкентте үйді бөлісе алмаған балалары анасын соққыға жыққан

19.01.2021 21:31

Кейуананың шарасыз күйі видеоға да түсірілген

Almaty.tv

Қара шаңыраққа қол жеткізу үшін өз аналарын қан жоса етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шымкенттегі 71 жастағы әжей осылай деп етегін жасқа толтырып отыр. Сөзінше, туған қыздары үйді бөліске саламыз деп өз аналарын таяқ астына алған. Кейуананың шарасыз күйі тіпті видеоға да түсірілген. Кейін әлеуметтік желі арқылы тараған бұл сұмдықты перзенттері жабылған жала дейді. 

Шарасыз күйде отырған бұл шымкенттік Алтынгүл Асқарова. Жетпістен асқан кейуана сөзінше оны мұндай күйге туған қыздары түсірген. Желтоқсанның біріне үйіне келген перзенттері қара шаңырақтың бөлісін даулады дейді. Әжей сөзінше төбелеске айналған жанжал соңы оның таяқ астында қалуымен аяқталған.

«Үйге аяқтарын шешпей кіріп келді. Кірген бойда қызды бас салды. Менің қолымды есікке қысып, қолымды сындырды. Кейін екі қыз мені тепкілей бастады», – деді қала тұрғыны Алтынгүл Асқарова.

7 баланы дүниеге әкелген ананың айтуынша бәленің бәрі үш жыл бұрын басталған. 2018 жылы жолдасы қайтыс болған соң жарты жылдай жалғыз өзім тұрдым дейді. Осыдан кейін қолына қызы көшіп келгенін айтады. Және немерелерін мектепке орналастыру үшін белгісіз құжатқа қол қойыпты. Араға 10 күн салып қолындағы қызы қайтыс болған.

«Кейін қарасақ біз 10 млнға үйді сатып алдық деп жазған екен. 10 млн түгілі мен 1 млн да алған жоқпын», – деді қала тұрғыны Алтынгүл Асқарова.

Содан бері бітпей келе жатқан үй дауына қатысты екі рет сот өткен. 71 жастағы әжей екеуінде де жеңілдім дейді.

«Сот шешімі заңды. Бірақ әділетсіз. Әжейдің екі қызы мен екі күйеу баласы келіп, ұрып-соққан. Мұны естіп шыдай алмадым. Ұтылсақ та бұл мәселені елге жариялауым керек», – деді қорғаушы Еркін Қаһаров.

Әжейдің екі қызы мен бір ұлы анасынан теріс айналса, бір қызы жанында жүр. Үйді сатып алдым деп ақталған күйеу баласы былықтың бәріне әжейдің жанындағы қызы кінәлі дейді. Сөзінше, қара шаңырақты қариядан 10 млн теңгеге сатып алған.

Ал, полицейлер сөзінше жаға ұстатарлық жағдайға байланысты тергеп-тексеру амалдары басталған. Айдың күннің аманында өз балаларымен жауласқан ақ жаулықты қазір қара шаңырағында тұрып жатыр. Себебі үйдің 8/1 бөлігі өзіне тиесілі. Сот үкіміне келіспеген ол өз еңбегіммен салған үйден тек сүйегім шықсын деп отыр.