Нұр-Сұлтанда медициналық орталық қызметкерлері 200 әйелді алдап соққан

Almaty.tv
Almaty.tv
Миллиондаған несиесін ай сайын өтеп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Нұр-Сұлтанда 200 әйел медициналық орталықта алданып қалған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Олардың сөзінше, сұлулық және денсаулық медицина кешенінің өкілдері ақшасын алып, қызмет көрсетпей, ұшты-күйлі жоқ болған. Олар төтенше жағдай мен карантин режимін желеу етіп, қалыптасқан жағдайды пайдаланды дейді жапа шегушілер. Тіпті қыз-келіншектердің басым бөлігі ажарлы болу үшін миллиондаған несие рәсімдеген.

Кенжегүл Балғалиева орталық жайлы әлеуметтік желіден білген. Косметологиялық постқа лайк басып едім, бірден клиника өкілдері хабарласты дейді. Бірнеше мәрте қоңырау шалып, тегін процедураға шақырады. Сөйтіп, әйтеуір Кенжегүл бетті әрлейтін косметологиялық шараға келіседі. Жүзімді сипап, сылап, көңілімді алдап-арбағаны сонша – несие алғанымды білмей қалдым, дейді.  

«Ол кезде ай сайын  қолма-қол 15 мыңнан төлеймін дедім. Келіссеңіз, жүр қол қоямыз деді. Барлық жеріне қол қойдым. Олар  сізге толық жабылып тұр, сіз енді келе беріңіз деп айтты. Қалай толық жабылды? Мен әлі ешнәрсе төлеген жоқпын ғой дедім. Сіз қол қойып қойдыңыз, 495 мың Альфа банкке қарызсыз деді. Сіз енді келесіз деді», –  деді жапа шегуші Кенжегүл Балғалиева.

Әбден абдырап қалған келіншек бірден несиеден бас тарту үшін өтініш жазғысы келгенін айтады. Алайда орталықта отырған менеджер белгілі бір шарттарды орындау қажет екенін алға тартқан.

«Ол  ай сайын 20 мың теңгеден 100 мың төлейсіз, сосын барып бас тартамыз деді. Оған да келістім. Емге келген жоқпын. Бірақ 20 мыңнан төлеп тұрдым. 100 мың төленгенде, ақпан айы болды. Орталыққа келген кезде, 310 мың теңге сіздің Альфа банктегі сіздің шотыңызға түседі, 20 күннен кейін хабарласады деді. Ал банк маған хабарласқан жок деді. Несиені кешіктіріп төлегенсіз деді», – деді жапа шегуші Кенжегүл Балғалиева.    

Косметолог сұхбат беруден бас тартты. Алайда 60-қа жуық қызметкер зардап шеккенін айтты. Олардың барлығы полиция мен прокуратураға арыз жазғанын жеткізді. Орталық жабылғанымен, бұдан хабарсыз клиенттердің көптігін түсірілім барысында байқадық.  

Зардап шеккендердің айтуынша, орталық әлі де жаңа клиенттерді тартып жатыр. Ал келісімшарт жасасқандарға ешқандай жауап қатпауда. Плаза орталығының есігін қағып көріп едік, тас-түйін жабылған.

Қорғаушы Жандос Тұяқов іс азаматтық-құқықтық не қылмыстық екенін жіті тергеу барысында белгілі болатынын жеткізді. Қайткенмен де, зардап шегушілер сотқа жүгініп, өз құқығын қорғау керек дегенді алға тартады. Себебі орталық адамдардың ақшасын алып, қызметін көрсетпей, азаматтық кодекс талаптарын бұзып отыр.    

«Егер де орталықтың атында ешқандай мүлік болмаса, құрылтайшылардың мүлкі болмаған жағдайда соттың шешімін орындау қиын болады. Осындай мәселеге қатысты соттың шешімі шығып тұрып, азаматтарға қайтармай жатқан жағдайда тек қана шартты түрде жауапкершілікке тартуға болады. Менің ойымша, егер де азаматтарды нақты соттың шешімін орындамағаны үшін бас бостандығынан айыратын болса, шешімі орындалушы еді», – деді адвокат Жандос Тұяқов.

Жапа шеккен 200 азамат енді сотқа жүгінуден басқа амалы қалмаған. Ал алған миллиондаған несиесін ай сайын өтеп жатыр.

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров