Нұр-Сұлтанда жыл басынан бері «банк қызметкерімін» деп хабарласып, алдап-арбап, төлем карталарынан ақша шешіп алатын алаяқтардың құрығына 100-ге жуық азамат ілінген. Келтірілген залал 120 миллион теңге. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Бөлегенов мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Айтуынша, алаяқтардың басым бөлігі – шетелдік азаматтар. Сондықтан оларды ұстау қиынға соғуда.
Айман Жібеева алаяқтарға алданып қала жаздаған. Оған хабарласқан бәз біреу өзін «банк қызметкерімін» деп таныстырып, төлем картасы арқылы жасалған күдікті операция туралы хабарлайды. Операцияны тоқтату үшін төлем картасының реквизитін, атап айтқанда нөмірін, жарамдылық мерзімі мен CVV-кодын айтуын сұрайды. Алайда бұл өтініш қаржылық ұйымда көп жыл істеген азаматта бірден күмән туғызады.
«Маған банктен менеджер звондады. Менің картамда проблема барын айтты. Нөмірін сұрады. Сосын жеке куәлігімнің нөмірін сұрады. Мен оны берген жоқпын. Ертең азғантай қалған бар ақшамнан айырылып қаламын ғой деп ойладым», – деді қала тұрғыны Айман Жібеева.
(Нам сейчас необходимо ограничить доступ к личному кабинету и отменить те операции, которые вы лично не совершали. Сейчас первоначальное для идентификации вас в системе назовите любую активную карту нашего банка, которая имеется на руках.
- Нету активной карты
- Но у вас числится как минимум одна карта. Давида, активная.
- Нет, нету
- То есть вы карту потеряли?
Жуырда мен де алаяқтардың құрығына іліге жаздадым. Маған хабарласып, шотымдағы 500 мың теңгені өзге банктің белгісіз шотына аударылып жатқанын айтты. Алайда, біріншіден, менде мұндай сома болмады. Екіншіден, мені де банк қызметкерінің карта нөмірін және өзге де құпия мағлұматтарды сұратқаны таңқалдырды. Себебі осыған дейін қомақты қаржымен қандай да бір операция жасағанымда өзге және санаулы сауалды ғана қоятын. Мұндай жағдайда, аты-жөніңіз, туған күн мен картаны рәсімдеу кезіндегі құпиясөз жеткілікті.
«Ешуақытта ешқандай банк қызметкері клиентке телефон шалып, банктік құпияға жататын деректерді сұрамайды және де оларды сұрауға рұқсат жоқ. Тек егер клиент өзінің тарабынан банктің телефонына звондап, өзінің құпиялы деректеріне байланысты телефонмен сұрақ қойса, осы клиентті ажырату үшін кейбір деректер сұралуы мүмкін», – деді Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы тұтынушыларды қорғау жөніндегі директоры Ләззат Үсенбекова.
Елордалық тәртіп сақшылар алаяқтықтың осы түрі әлі де тыйылмай, керісінше үдеп жатқанын айтуда. Мәселен, былтыр 130 адам алданса, биылғы алты айда ғана алаяқтардың құрбаны болғандар 100-ге жуықтайды.
«Осындай алаяқтыққа баратындардың басым бөлігі Ресей азаматтары. Олар біздің ел тұрғындарына хабарласып, алдап, арбап жатыр. Жыл басынан бері 100-ге жуық құрбан полиция басқармасына арыз жазған. Мәселен, нұрсұлтандық зейнеткер төлем картасының нөмірін айтып, өмір бойына тірнектеп жинаған 28 мың АҚШ долларынан айырылды. Тағы бір келіншектің 10 миллион теңгесін шешіп алған», – деді қалалық Криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Талғат Бөлегенов.
Белгілі болғаны, жыл басынан бері елордада алаяқтықтың осындай түрімен айналысқан 40 тұлға анықталды. Олар 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан