Банк қызметкерімін деп таныстырған алаяқ зейнеткердің шотынан 2 млн 700 мың теңгені шешіп алған

Almaty.tv
Almaty.tv
Бүгінде алаяқтар құрған тұзаққа көбіне әлеуметтік желі қолданушылары түсіп жатыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Петропавлда өзін банк қызметкерімін деп таныстырған алаяқ зейнеткердің шотынан 2 миллион 700 мың теңгені шешіп алған. Өкінішке қарай, мұндай интернет қылмыстар елімізде көбейіп барады, ал полиция кибершабуылдаушыларға қарсы дәрменсіз. Дәл осындай алаяқтардың құрбаны болған алматылық бойжеткен, ақшасын қайтаруға күдерін үзген соң біздің арнаға хабарласқан еді. Банкинг пен әлеуметтік желілерді сүзгілейтін қулардың айла-тәсілдері туралы Almaty.tv тілшісі Оразай Нұртай айтып берсін.

Бүгінде алаяқтар құрған тұзаққа көбіне әлеуметтік желі қолданушылары түсіп жатыр. Себебі әлемдік торда өзгенің атынан ақшалай көмек сұрап хат жолдайтындар көбейген. Сондай кибершабуылға тап болған Әйгерім де есепшотындағы бар ақшасынан айырылып қалған. Сөйтсе, белгісіз біреу жақын досының  «Вконтакте» желісіндегі парақшасын бұзып, жігіттің атынан қызға хат жолдапты.

«Саған ақша жіберу керек. «Көмектесе аласың ба? Сенде карта бар ма?» деп жазды. Содан кейін мен өзімнің картамды суретке түсіріп, 16 санды картамның нөмірін жібердім. Алдыңғы суретін жібергем. Одан кейін ол 3 кодты, яғни, СВ кодты сұрады. Мен оны ойланбастам жібере салдым. Өйткені сендім менің досым екеніне», – деді жәбірленуші Әйгерім Сәбиева

Қажетті цифрларға ие болған алаяқ сол сәтте бойжеткеннің шотындағы бар ақшасын сыпырып алған. Досына қоңырау шалу тек сол кезде ойына келеді. Бірақ болар іс болды. Егер дәл осындай  жағдайға тап болсаңыз, банк қолды болған қаражатты қайтарып бермейді. Себебі жәбірленушінің өзі кінәлі.

«Алаяқтар байланысқа шыққан сәтте еш жерде тіркелмеген құралдарды пайдаланады. Олар кез келген жағдайда айтатын сөздерін алдын ала дайындап қойған. Адам психологиясын жетік меңгеріп, жоспарын іске асыруға дағдыланған», – деді Банк баспасөз қызметінің жетекшісі Сергей Чикин.

Кәдімгі қылмысқа қарағанда кибертонау фактілерін ашу әлдеқайда қиын. Сондықтан болар, көп жағдайда полицияның көмегі кеңес беруден артылмайды.

«Осы орайда барлық азаматтарға айтарымыз – мүлкіңізге сақ болуыңыз қажет. Қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында көрінген адамдарға сене бермей, мысалы, бірнәрсені сатып алғыңыз келсе, өз көзіңізбен көріп, қолыңызбен ұстап қана қойғаннан кейін процедурадан өтуіңізге болады», – деді Алматы қалалық ПД өкілі Салтанат Әзірбек.

Әлеуметтік желі арқылы сан соқтырып, тақырға отырғызып кету -кибершабуылдардың ең жеңіл түрі. Техника дамыған сайын алаяқтар айласы да күрделеніп барады. Сондықтан қауіпсіздігіңізге, ең алдымен, өзіңіз жауапты екеніңізді естен шығармаған жөн.

Оразай Нұртай, Мейрам Исабеков, «Алматы» арнасы

Новости партнеров