|
15.04.2019 | 19:49
10371

Қали Сәрсенбай 60 жаста

Шығармашылық кешке халқымыздың аяулы тұлғалары мен оқырман қауым қатысты

Қали Сәрсенбай 60 жаста

Мұхтар Әуезов атындағы академиялық драма театрында қазақ журналистикасының арқа тұтар аға буын өкілдерінің бірі Қали Сәрсенбайдың 60 жылдық мерейтойы өтті деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

«Сөз сәулесі» атты шығармашылық кешке халқымыздың аяулы тұлғалары мен оқырман қауым қатысты.

Алғаш еңбек жолын «Лениншіл жас» газетінің корректоры болып бастаған ол – бүгінде «Алматы ақшамы» қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы. Қали Сәрсенбай басшылық еткен соңғы 15 жылда газеттің таралымы 10 есе өскен. Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Қали Сәрсенбайдың кешіне келген барша жұрт оның бекзат болмысы мен кәсіби шеберлігін таласа айтып жатты.

«Қали әсіресе театр, бейнелеу өнері, музыка саласында көптеген эсселер жазды. Ең соңғы шыққан шығармасы – «Шал мен шындық». Жалпы, Қали қай шығарманы жазса да,  қазақ мәдениеті, қазақ руханияты үшін ет жүрегімен елжіреп тұратыны көрініп тұрады», – дейді жазушы Пернебай ДҮЙСЕНБИН.

«Өз басым – Қалидың шығармашылығына өте риза оқырмандарының бірімін әрі жолдасы, досымын. Ол қазақтың зиялы қауымын танытуда үлкен еңбек атқарды. Мысалы үшін Өзбекәлі Жәнібек туралы жазғанының өзі керемет. Әбдіжәміл Нүрпейісов Қалидың жазбасында культура бар деген», – дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Жамбыл облыстық «Ақжол» газетінің бас редакторы КӨСЕМӘЛІ СӘТТІБАЙҰЛЫ.

Жазушының шығармашылық кешінде көркем сөз оқылып, деректі фильм көрсетілді және Қали Сәрсенбайдың «Эстет» атты өмірбаян кітабының тұсауы кесілді.

«Журналистика кеңістігінде бүгінде көп сәтсіздіктер, кемшіліктер бар. Сондықтан, осы тұрғыда бүгінгі кештің мақсаты классикалық журналистика әлі тірі екенін көрсету. Сол бағытта оқырмандармен ойласып, кейіпкерлермен кездесу жасауды мақсат тұттым. Сондықтан бұл - журналистердің тойы, оқырманның тойы, "Алматы ақшамының" тойы», - дейді  Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, журналист Қали СӘРСЕНБАЙ.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир