Ақын Жәркен Бөдешұлы өмірден озды

22.04.2021 в 15:11

Ақпаратты Қазақстан Жазушылар одағы растады

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Жәркен Бөдешұлы 76 жасында өмірден өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қаралы хабарлы ақын Ақберен Елгезек facebook парақшасында жеткізді.

«Қазақ әдебиеті мен руханияты тағы да қара жамылды. Сұм ажал арамыздан ғаламат ойшыл-ақын, періштедей ақ көңіл адам Жәркен Бөдешұлын алып кетті. Барша қазаққа қайғыра көңіл айтамын. Жәркен ағамыздың рухы бейіштің төрінде шалқысын. Алла алдынан жарылқасын», деп жазды А. Елгезек.

Жәркен Бөдешұлы 1944 жылы 15 мамырда дүниеге келген. ҚазМУ-дің журналистика факультетін бітірген. Мерзімдік басылымдарда және мемлекеттік Кітап палатасында жауапты қызметтер атқарған. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығында бөлім меңгерушісі болған. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының әдеби кеңесшісі болып қызмет атқарған. Әр алуан басылымдарда ақынның «Аңырақай бекетіндегі ой», «Қарауыл төбе», «Генерал Жаһар Дудаев», «От пен су» («Сорос– Қазақстан» қорының жүлдесі берілген), «Тас бесік», «Бостандықтың басы», «Шер», «Жалғыз» атты дастандары жарияланды.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Түркі тілдер елдері поэзиясы ІІ фестивалінің лауреаты, Қ.Сәтбаевтың 150 жылдық мерейтойына арналған халықаралық мүшәйраның бас жүлдегері.

Шығармалары: Көкше құрақ. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жалын», 1979; Қос қанат. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1982; Зейін. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жалын», 1984; Аспан даусы. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Жазушы», 1985; Нұрлы бояулар. Өлеңдер мен поэмапортреттер. А., «Жалын», 1988; Жұлдызға орнын ай бермес. Өлеңдер мен поэмалар. А., «Сөзстан», 1996; Емендер түнде бүрлейді. А., «Ана тілі», 2001; Бөрінің асығы. А., «Жазушы», 2005; Бұрылыс. А., «Сөздіксловарь», 2007.

Жәркен Бөдешұлымен қоштасу жиыны ертең 23 сәуір күні, сағат 10:00-де Алматы қаласы, Құлагер ықшам ауданында, өзі тұрған үйінің алдында өтеді.