Салтанат Байқошқарова коронавирус вакцинасы жүктілікке қалай әсер ететінін айтты

11.06.2021 в 16:39

Жүктіліктің алдында қабылданған вакцинация оның қиындықсыз өтуіне септігін тигізеді

Қазақстандағы репродуктологияның негізін қалаушы Салтанат Байқошқарова жүктілікті жоспарлау кезінде вакцинация туралы сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Вакцинациядан кейін денеден тыс ұрықтандыруға қабылдамайды деген ақпарат қаншалықты рас?

Бұл– жалған ақпарат. ДТҰ-ға вакциянациядан кейін қабылдаймыз. Керісінше, мамандарымыз бірінші вакцинациядан өтіп, ДТҰ-ны содан кейін жоспарлауды қолдайды. Жүктілік кезінде вирустық аурулармен ауыру ананың және іштегі баланың денсаулығы мен өміріне қауіпті болуы мүмкін. Ал вакцинациядан кейін пайда болған иммунитет бұл қауіпті едәуір төмендетеді. Мамандардың айтуынша, жүктілікті вакцинацияның соңғы егу (иньекциясы) қабылдаған соң бір айдан кейін жоспарлауға болады. 

Вакцинация бедеулікке алып келе ме?

Бұл да жалған ақпарат. Вакцинация ер адамның да, әйел адамның да бедеулігіне алып келмейді. Керісінше, жүктіліктің алдында қабылданған вакцинация оның қиындықсыз өтуіне септігін тигізеді.