Оқушыларымен балаша билеген мұғалім енді қазақы әнде билеуді жоспарлап отыр
Ақтөбеде №60 мектептің мұғалімі Ләззат Нұрмахан оқушыларымен бірге билеп, желіде хит болды. Ерке Есмаханның туған жеңгесі әнші ұлының да сынып жетекшісі екен, деп жазады NUR.KZ.
Оқушыларымен балаша билеген мұғалім енді қазақы әнде билеуді жоспарлап отыр.
«Бұл енді мен жасаған жаңалық емес. Желіде үнді елінің мұғалімі оқушыларын көңілді бимен қабылдап жатқаны шықты. Мен де оқушыларымның ата-аналарыммен келістім. Ешкім қарсы болған жоқ. Видеода бірінші күні және бір-ақ рет жасаған биіміз. Негізі музыка 3,30 минут орындалады. Ал біз шағын жаттығуымызды 2,30 минутта аяқтадық. Алдымызда наурыз мерекесі келе жатыр. 1 наурыздан бастап, жылдам орындалатын нағыз қазақы әнмен ұлттық билерді билегіміз келеді», - дейді Ләззат Нұрмахан.
1 класс жетекшісінің 30 жылдан аса еңбек өтілі бар екен.
«Мен бүгінгідей ақпараттық қоғамда балалармен жұмысты күшейту керек деп ойлаймын. Осы биді ұйымдастырғаннан бері ата-аналармен байланыс нығайды. Балалар сабаққа бір уақытта жиналып болады. Күнде бір қимыл емес, әртүрлі жаттығулар арқылы жасап жатырмыз. Бізде тапсырманы өз бетінше орындай алатын топтық жұмыстар көп. Мұндай шаралар олардың тілдік қорын да дамытады», - дейді мұғалім.
Биыл 50 жасқа шығатын 1 сынып жетекшісі өзінің де көп балалы ана екенін айтып қалды.
«Өзім бес баланың анасымын. Балаларым есейіп кетті. Өзім де балаларым да тұрақты спортпен айналысамыз. Еркенің ұлы да менің қолымда тәрбиеленіп жатыр әрі сынып жетекшісімін. Еркенің туған жеңгесі боламын. Қолымда атам мен енем бар. Видео бұлай желіге тарап кетеді деп ойлаған жоқпын», - дейді ол.