Бүгін – Абай күні

10.08.2021 15:16

Былтырдан бері 10 тамыз «Абай күні» деген атпен мерекелік дата ретінде аталып өтіп жүр

obvk.kz

Бүгін – Абай күні. Былтырдан бері 10 тамыз «Абай күні» деген атпен мерекелік дата ретінде аталып өтіп жүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

2020 жылдың 4 тамызында Үкіметтің арнайы қаулысы шығып, «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесі «Абай күні – 10 тамыз» деген тармақпен толықтырылған болатын. 

ХХ ғасырдың басындағы қазақ пассионарлығы өз бастауын Абай ілімінен алған дейтін тұжырым бар. Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлт көшбасшыларының Абайға арнап мақала жазып, оның ағартушылық күресін өздеріне үлгі тұтуы сол тұжырымының шындықтан алыс емес екенін көрсетеді. 

ХХ ғасырдың басындағы қазақтың оянуы Абай мұрасымен сусындағанын осыдан көруге болады. Сол ғасырдың екінші жартысында ұлттың тарихи жадын жаңғыртқан жазба әдебиет те Абай тақырыбын айналып өткен жоқ. Мұхтар Әуезов алаш арыстарының үзілген жолын басқа сүрлеумен жалғап, бүгінге жеткізген өткел бола білді. 

Тәуелсіз Қазақстанның советтік идеологиядан сілкініп оянуы да Абайсыз өтпеді. Төл теңгеміздің алғашқы нұсқасына ұлы ақынның бейнесі басылып, 1995 жылы ойшылдың 150 жылдығына арналған тәуелсіздік жылдарындағы ең ауқымды той өтті. Бүгінгі күннің биігінен қарап, сол тойдың қазақ руханиятының серпілуіне, еркіндіктің құдыретін сезініп, ұлт болып бірігуіне қосқан үлесі орасан болғанын айтуға болады. 

Абай әлемге қазақтың ақыны болуымен қызықты. Қазақ әлемге Абайдың мұрасымен өтімді. 

Қазақ әдебиетінің ресми теориясында жазба әдебиеттің негізін қалаушы Абай деп есептеледі. Күлтегін заманындағы тасқа қашалған әдеби мұра мен одан берідегі Әбу Насыр әл Фараби, Жүсіп Баласағұндардан қалған алтын арқауды қайта жалғаған Абай екеніне расымен де ешкім дау айтпайды. 

Абайтану қазақ әдебиетінің ең тынысты, ең танымал, ең тартымды саласы болып есептеледі. Оның өзі бүгінде түрлі тармаққа бөлініп, мәуелі ағаштай салаланып кеткен. 

Дулат Бабатайұлымен түйінделетін жыраулық сарын мен ХХ ғасырдағы ағартушы әдебиеттің арасын Абай мен оның ақын шәкірттері жалғап тұр. Қазақтың рухты өлеңін ойлы өлеңге айналдырған «бас ақынның» мұрасын қазақ ғалымдары әлі күнге дейін толық зерттеп біте алмай келеді. 

Қытай халқы Конфуциді қалай тілге тиек етсе, орыс жұрты Толстойды қалай сөзіне арқау етсе, ағылшындар Шекспирді қалай ұлықтаса, германиялықтар Гетені қалай пір тұтса, қазақ халқы да Абайды солай аузынан тастамайды. Қазақтың жол таппай дағдарғанда жүгінетіні де, ой таластыраса, сөзіне дәйек етіп сүйенетіні де Абай. 

Ақынның азан шақырып қойған аты – Ибраһим. 1845 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қарауыл ауылында дүниеге келген. «Сегіз аяқ» дейтін толғауында өз айтқандай, Құнанбайдың Ұлжан атты әйелінен тараған төрт баланың екіншісі осы Ибраһим еді. Оның өз кіндігінен Ақылбай, Хакімбай, Əбдірахман, Мағауия, Күлбадан, Райхан, Турағұл, Мекаил, Ізкаил, Кенже есімді балалар тараған. ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін мен екінші дүниежүзілік соғыс Абай әулетінің де шаңырағын ортасына түсіріп кетті деуге болады. Қазақтың шежірені ұл баламен тарататынын ескерсек, ашық көздердегі дерек бойынша, ойшылдың тұңғыш ұлы Ақылбайдан тараған бесінші буындағы ұрпағы Данияр Ақылбаев қазір Алматыда тұрып жатыр. Бірақ одан ұл бала тарамаған, Дана, Кәмила, Меруерт деген перзенттері бар. Ақылының толысып, абыройының кемеліне келген шағында Абай билікке араласып, 1875-78 жылдар аралығында болыстық құрғаны тарихтан белгілі. 

Артында, жүздеген өлеңі мен ондаған әні, поэмалары мен 50-ге жуық «қара сөзі» қалды. 

Орыс әдебиетінен Пушкин мен Крыловты, Батыс әдебиетінен Гете мен Байронды аударды. «Масғұт», «Ескендір» поэмаларын оқыған адам ақынның Шығыс әдебиетінің жауһарларымен етене таныс болғанына көз жеткізеді. 

Батыс пен Шығыс әдебиетін тел еміп, одан алған азығымен қазақ әдебиетін байытқан ойшылды ұлт руханиятының реформаторына теңейтіндер бар. 

Былтырғы 175 жылдық мерейтойы қарсаңында Абай шығармалары француз, ағылшын, орыс, араб, испан, қытай, түрік, жапон, неміс, италия, грузин, иврит, қырғыз, малай, монғол, нидерланд, португал, украин, өзбек, хинди тілдеріне аударылып, жеке-жеке кітап болып шықты. 

Республика бойынша 31 елді мекен, 1300-ге жуық көше мен даңғыл, 100-ден аса білім мекемесі ойшыл ақынның есімімен аталады.