Қазақстанның Халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасқа толды

inform.kz
inform.kz
КСРО мемлекеттік сыйлығын алған үш қазақтың бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісов
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін әлемдік ақыл-ойдың қазынасына өлшеусіз үлес қосқан қабырғалы қаламгер Әбдіжәміл Нұрпейісов 97 жасқа толды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әбдіжәміл Нұрпейісов – 1924 жылы 22 қазанда Қызылорда облысы Арал ауданы Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның Халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып  жүрген суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері.

1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.

1946 жылы желтоқсанда Әбдіжәміл әскер қатарында жүріп «Курляндия» романын жазуға кіріскен. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл  Қазақ  мемлекеттік университетінде оқыды.

1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың  иегері атанды.

Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы да болып қызмет істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды.

1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылдан бастап ПЕН клубы жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы да.

Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.

Атап айтқанда, француз Луи Арагон, ресейлік  Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыздық  Шыңғыс Айтматов, башқұрттық  Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф  Шрейдер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды.

Қаламгер А.П.Чеховтің, А.М.Горькийдің, Назым Хикметтің, испан жазушысы А.Кэсонің шығармаларын қазақ тіліне аударған.

«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды. Жазушы ретінде «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі», Қазақстан мемлекетінің «Отан» орденімен марапатталған.

Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының иегері. Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан Қазақстанда үш қаламгер: Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов және Жұбан Молдағалиев қана алған.


Новости партнеров