Алматыда шығармашыл жастардың «ЖасStar» халықаралық фестивалі өтті. Еліміздің әр өңіренен келген талантты өнерпаздар әлемдік мюзиклдердің үздік хиттерін шырқады. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры ұйымдастырған шараға Алматы әкімдігі де қолдау білдірген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Еліміздің мәдени астанасы – Алматыда өткен бұл фестивальді тамашалауға келген көрермен көп болды. Тіпті, 3 мың орынға шақталған Республика сарайында ине шаншар жер болмады. Сахнадағы таң-тамаша туындыдан зор әсер алған ел қол соғып, қошемет көрсетуден жалықпады. Мюзикл-концерт түрінде өткен шарада, «Величайший шоумен», «Красавица и чудовище», «Ромео и Джульетта», «Чикаго», Достар серті», «Ла-Ла Ленд», «Мамма миа» музыкалық композиялары орындалды. Бұл туындаларды еліміздің ең шығармашыл, креативті жастары бірнеше ай бойы тыңғылықты дайындықтан кейін үлкен сеніммен, әсерлі етіп алып шықты дейді ұйымдастырушылар.
«Биыл «ЖасStar» халықаралық фестивалінің 10 жылдығы. 10 жыл бұрын бұл ірі жобаны бастаған болатынбыз. Жылда керемет жоғары дәрежеде өтетін. Биыл біз басқа форматта өткізейік деп, талпыныс жасап отырмыз. ҚР тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының басты мақсаты – еліміздегі дарынды жастарды қолдау», – деді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры жастар кеңесінің төрағасы Біржан ХАСАНҒАЛИЕВ.
Фестиваль «Broadway musical show» форматындағы мюзикл-концерт түрінде өтті. Шараны ұйымдастыруға жас дизайнерлер, сахна сәндеушілері, декораторлар, хореграфтар, қоюшы режиссерлер қатысты. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры ұйымдастырған шараға Алматы әкімдігі де қолдау білдірген.
«Құрметті достар! Бүгін біз ерекше форматта өткелі тұрған шоудың көрермендері болмақпыз. ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының көмегімен жұлдызы жарқыраған өнерпаздардың тамаша туындысын көрмекпіз. Барлықтарыңызға сәттілік тілеймін. Биік белестерді бағындыра берулеріізге тілектеспін», – деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Ержан БАБАҚҰМАРОВ.
Дәстүрлі түрде өтетін фестивальге бұған дейін, сценарист және кинорежиссер Егор Кончаловский, музыкант және продюсер Байғали Серкебаев, париж операсы Ұлттық оркестірінің дирижері Филипп Юи сынды танымал таланттар келген келген болатын. Бұл мәдени-ағартушылық жобаның мақсаты-жастарға шығармашылық тұрғысынан зор серпін беру.
«Үлкен жобада өнер көрсету, эстардамыздың жарық жұлдыздарымен бір сахнада өнер көрсету үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Жастар фестивальі аясында өтетін «Broadway musical show» форматындағы мюзикл-концертте біз өзіміздің өнерімізді көрсеттік. «Красавица и чудовище», «Ромео и Джульетта», «Чикаго», «Величайший шоумен» туындыларын көрсеттік», – дейді ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қоры шәкіртақысының иегері Жазерке ҚАБАТАЕВА.
ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Қоры талантты жастарды әркез қолдайтындықтарын алға тартты. Өнерпаздарға ұсынар мәдени жобаларын арнайы сайтқа жолдаулары қажет екенін айтты.
Әйгерім Ердәулет, Ғани Калуов «Алматы» телеарнасы.