Президент Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды

Президент Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды
Роза Бағланова 2011 жылы қаңтардың 8 күні Алматы қаласында дүниеден өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әнші Роза Бағланованың есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырды, деп хабарлайды Almaty.tv. Бұл туралы мемлекет басшысы Twitter парақшасында жазды.

«2022 жылдың 1 қаңтарында қазақтың бұлбұл әншісі Роза Бағланованың туғанына 100 жыл толады. Ол – Қазақстанның және КСРО-ның халық әртісі, Қазақстанның Халық қаһарманы. Майдан даласында ән салған Р.Бағланова қазіргі күнге дейін еліміздегі және шетелдегі ән сүйер қауым арасында кеңінен танымал. Оның есімін мәңгі сақтау үшін шаралар қабылдауды тапсырдым», – деп жазды ол.

Роза Тәжібайқызы Бағланова – қазақ халқының маңдайына біткен жезтаңдай әнші, Қазақстанның және бұрынғы КСРО Халық артисі, Халық қаһарманы. Қызылорда облысының Қазалы қаласында 1922 жылы бірінші қаңтарда туған. 1941 жылы Қызылорда педагогикалық институтын бітірген. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде әнші болып бастаған. Сол ансамбльмен 2-дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсетіп, 1945 жылы тоғызыншы мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. 1947 - 1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949 - 1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал жасады.

Роза Бағланова 2011 жылы қаңтардың 8 күні Алматы қаласында дүниеден өтті. Әншінің орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», композитор М. Төлебаевтың ақын өлеңіне жазған «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы», С. Мұхамеджановтың «Жарқ етпес қара көңлім не қылса да», «Қиыстырып мақтайсыз» әндері Қазақ радиосы фонотекасында сақтаулы, оның орындауындағы әндер бірнеше рет күйтабаққа жазылып, қазақ музыка мәдениетінің алтын қорына қосылды.


Новости партнеров