Атышулы «Дос-Мұқасан» тобының солисі Мұрат Құсайынов жастардың тәрбиесіне көңілі толмайтынын «The Эфир» бағдарламасында айтты. Барлығына ата-аналарын кінәлайды.
«Жастарға тәрбие керек. Тәрбиенің көзі – отбасы. Тоқсаныншы жылдардан бастап, біздің қазақ отбасылары балаларына дұрыс тәрбие бере алмай жатыр. Өйткені ақша жоқ, үй жоқ, күй жоқ. Адамдар адасып, тентіреп қалды. Қалай нан, киім тауып береміз деп, материалдық жағына ауысып кетті де, идеология жоғалды», – дейді Мұрат Құсайынов.
Сұхбат барысында ол өзінің отбасы жайлы да сөз қозғады. Өз балаларына берген тәрбиесін алға тартып, бұрынғы ақын-жазушылардың жазғандарын еске алады. Оның сөзінше, жастар ата-аналарының сөзіне мүлде құлақ аспайды.
«Бізде билер мен мықты ақындар болды. Олардың ақылына жұрт құлақ асқан. Тіпті ханды олай тыңдамаған. Ал қазіргідей ақсақалдар «тарихымыз не үшін керек?» деп жүре беретін болсақ, барымызды жоғалтамыз да, Шыңғыс Айтматовтың айтқан «мәңгүрт» боламыз», – деп ашынды өнер иесі.