ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы және Наурыз мейрамын мерекелеу аясында «Батамен ел көгереді» атты облыстық батагөйлер байқауы өтті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Ақмола облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, байқау «Өзін-өзі таныстыру», «Шешендік әңгіме айту», «Бата беру» сындарынан тұрды. Байқау ережесі Ақмола облысына қарасты қалалар мен аудандарға алдын ала жіберіліп, нәтижесінде бір қала мен сегіз ауданнан 19 үміткер қатысуға өтінім берді. Ережеге сәйкес әр қатысушының үш сын бойынша түсірілген бейнероликтері ұйымдастырушы тарапынан қабылданып, тіркеуге алынды. Батагөйлер байқауына қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шияп Әлиев, Краснояр селолық округінің имамы Науан Мұталов, Ақмола облыстық ұлттық спорт мектебінің директоры Марат Қойшин, Мемлекеттік тілді оқыту орталығының директоры Қаратай Төлекеев және «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақыт Смағұл қазылық етті.
Байқауға төрелік еткен алқа мүшелері үміткерлердің үш сын бойынша тіл шешендігіне және бұрынғы аңыз әңгімелерді айту шеберлігіне баса назар аударды. Жеңімпаздарды марапаттау рәсіміне Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Қазақ халқының мереке-мейрамдары ақ тілексіз, батасыз өтпейді. «Баталы ер арымас» деп дана халқымыз бекер айтпаған. Мереке қарсаңында облыста бата беруден үлкен сайыс өтті. Ақсақалдарымыз өнегелі дәстүрімізді жаңғыртып, дәріптеп, көрсетіп жатыр. Осындай тамаша шаралар көп болсын. Ұлыс оң болсын», – деді аймақ басшысы өз сөзінде.
Қазылар алқасының шешімі бойынша Жүлделі үшінші орынды Целиноград ауданынан Мекебай Кәкенұлы еншілесе, екінші орын Сандықтау ауданынан келген Меңдібай Копобаевқа бұйырды. Ал бірінші орынға Ақкөл ауданының үміткері Құмаш Серік лайық деп шешім қабылданып, «Ұлыс батагөйі» атағына ие болды. Ал, Қорғалжын ауданының үміткері Серікбаев Сайлаубекке ынталандыру сыйлығы берілді. Байқау жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталып, «Ұлыс батагөйі» атанған Құмаш Серікке Ақмола жұртшылығының атынан ат мінгізілді.