Киноның ең осал тұсы мен: Айқынның алғашқы фильмі жарық көрді

Фото: ашық дереккөзден алынды
Фото: ашық дереккөзден алынды
Фильмді еліміздің барлық кинотеатрынан 20 мамырдан бастап көре аласыздар
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әнші Айқын Төлепбергеннің «Где моё кольцо?» атты алғашқы фильмі жарық көрді, деп хабарлайды Almaty.tv.

«Алматы» телеарнасының «Таңғы студио» бағдарламасына қонаққа келген Айқын өзі продюсерлік еткен фильм жөнінде толығырақ айтып берді. Оның сөзінше, кинотуындыны түсіруге 60 миллион теңге қаражат кеткен.

«Фильм идеясы өзімдікі, 2020 жылы 8 наурыз мерекесіне орай «Операция Гүлдер» деген атаумен шығарамыз деп ойладық, бірақ үлгермей қалдық. Ол да дұрыс болды, себебі бір аптадан кейін карантин басталып, кинотеатрлар жабылды. Фильмнің премьерасы осы уақытқа тура келді, кинотеатрдың 30 пайызы ғана толтыру керек деген шектеу бар, дегенмен халық барады деп ойлаймын. Кино бюджеті – 60 миллион теңге болды. Кино түсіруімізге себеп – сахнада жүргеніме 18 жыл болды, жылына 2-3 бейнебаян түсіреміз, оның процесі тура кинодағыдай. Сценарий жазылады, режиссер болады, камера деген сияқты. Сондықтан бұл саланы да көрейік деп шештік», – деді Айқын.

Фильм түсіру үшін әнші біраз дайындықтан өтіп, актерлік шеберліктен сабақ алғанын атап өтті.

«Кинотуыдыны өзінің мамандары түсірді. Мен тек актер ретінде араластым. Сценарийді сценаристер жазды, режиссёрі бұған дейін «My love is Aisulu», «Ұлы дала комедиясы» сынды фильмдерді түсірген Дархан Саркенов деген жігіт болды. Актерлер де кәсіби мамандар: Нышанбек Жұбанаев, Рүстем Жаныаманов, Жұлдыз Өмірғали, Гүлнара Сильбаева, Құмар Лұқпанов, Нұрсұлтан Жақсыген, Төреғали Төрәлі. Киноның ең осал тұсы мен. Себебі арнайы білім болмағандықтан, басты рөлді сомдағым келген жоқ. Бірақ мамандар «өзің түсірген бірінші фильм болғандықтан, өзің түс, жақсы жарнама болады» деген соң келістім. Жалпы киноны түсірмес бұрын кино саласына қатысты бірнеше кітап оқып, актерлік шеберліктен сабақ алдым. Төреғали өзінің фильміндегі сценаристерді, режиссёрді ұсынды. Сонымен қатар, өзі актерлік саланы оқығандықтан, сабақ беретін кісіге нұсқап, сол ұстаздан 20 сабақ алып, 2 ай барып оқыдым. Қолымнан келгенше ойнадым», – деді Айқын Төлепберген.

Кино түсірудегі өзге де қызықтар жайлы «Таңғы студио» бағдарламасынан көре аласыздар.



Новости партнеров