19 желтоқсанда Парижде Junior Eurovision Song Contest байқауында ел намысын қорғайтын қатысушыны анықтау үшін қазақстандықтар арасында дауыс беру басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Tengrinews.kz сілтеме жасап.
Өтінімдерді қабылдау 29 қыркүйекте басталды. Ұйымдастырушыларға Қазақстанның 17 өңірінен 819 өтінім келіп түсті. Кеше, 8 қазанда қазылар алқасы үздік 30 жас орындаушыны іріктеп алды.
Бүгін онлайн-дауыс беру басталды, ол 12 қазанға дейін жалғасады. Дауыс беруге барлық қазақстандықтар қатыса алады. Ол үшін jevision.khabar.kz сайтына өтіп, қатысушылардың видеоларын тамашалап, ұнаған қатысушыға дауыс бере аласыз.
Қазылар алқасы дауыс беруге таңдаған балалардың тізімі:
Семейден 11 жасар Аңсар Әділханов;
Атыраудан 12 жасар Айнель Асқарова;
Алматыдан 12 жасар Сабрина Әділбек;
Нұр-Сұлтаннан 14 жастағы Есет Әлжанов;
Нұр-Сұлтаннан 12 жасар Әйгерім Амантай;
Алматы облысынан 10 жасар Шерхан Арыстан;
Ақтаудан 11 жасар Әмина Асғатова;
Екібастұздан 13 жасар Алтын Байтас;
Страсбургте (Франция) тұратын 8 жасар астаналық Бекнұр Жәнібекұлы;
Нұр-Сұлтаннан 14 жастағы Дінмұхамед Беріков;
Ақмола облысынан 14 жасар Исатай Болатханұлы;
Алматы облысынан 11 жасар Аружан Ермек;
Алматылық 13 жасар Әйгерім Есмурзаева;
Алматы облысынан 10 жасар Әбілқайыр Жұмабай;
Талдықорғандық 9 жасар Інжу Есімжан;
Нұр-Сұлтаннан 12 жастағы Адель Кунадилова;
Алматыдан 11 жасар Айя Құрманғали;
Алматыдан 12 жасар Жан Маким;
Алматыдан 9 жасар Баян Мұхиден;
Нұр-Сұлтаннан 14 жастағы Ақнұр Нұржанова;
Шымкенттік 11 жастағы Сағын Өмірбайұлы ;
Ақтаудан 13 жастағы Армен Саакян;
Алматы облысына 13 жасар Камила Ағымбай;
Нұр-Сұлтаннан 12 жасар Далия Смағұлова;
Нұр-Сұлтаннан 9 жасар Адина Суленова;
Нұр-Сұлтаннан 13 жасар Екатерина Табарина;
Нұр-Сұлтаннан 14 жастағы Аяна Төленова;
Ақсайдан 12 жасар Түгелбай Әлімжан Түгелбай, Батыс Қазақстан облысы;
Оралдан 11 жастағы Алинур Хамзин;
Нұр-Сұлтаннан 13 жастағы Ева Ширко.
Онлайн-дауыс беру нәтижелері бойынша ұлттық іріктеудің финалистері анықталады.
Финалда жас таланттар өз әндерін орындайды. Оларға музыкалық шығармаларды қазақстандық композиторлар арнайы жазады.
Жеңімпаз қазылар алқасы мүшелерінің бағалары мен SMS-дауыс беру нәтижелері бойынша анықталады. Ең көп балл жинаған үміткер 19 желтоқсанда Париждегі La Seine Musicale концерт залында Junior Eurovision Song Contest халықаралық ән байқауында Қазақстан намысын қорғайды.
Қазақстан аумағында Junior Eurovision Song Contest байқауын "Хабар" телеарнасы көрсетеді.
Еске салайық, бұл - Қазақстанның шоуға төртінші рет қатысуы. Қазақстан алғаш рет Junior Eurovision байқауында 2018 жылы өнер көрсетті. "Өзің сен" әнін орындаған Данэлия Төлешова ел намысын қорғады. Ол алтыншы орын алды. 2019 жылы Ержан Максим "Арманыңнан қалма" әнімен екінші орын алды.
2020 жылы пандемияға байланысты байқау қашықтан жүргізілді, барлық қойылым жазба арқылы ұсынылды. Байқауда Қазақстан атынан Қарақат Башанова "Forever" әнімен өнер көрсетті, қазылар алқасы мен көрермендердің дауыс беру қорытындысы бойынша ол 13 қатысушының арасында екінші болды.