Алматыда тарихтағы тұңғыш Республикалық балалар шығармашылық «Жас қанат. Балалар – 2023» байқауы 1 маусымда Республика сарайында өтті. Осы байқауда «Вокал» номинациясы бойынша Алматы қаласы Оқушылар сарайының тәрбиеленушісі Дастан Тұрдалы «Самал Тау» қазақ халық әнімен Гран-при иегері атанды. Енді ол шілдеде «Медеу» мұз айдынында өтетін «Азия дауысы» халықаралық фестивалінде Қазақстанның намысын қорғайды.
Жүлделі орындар төмендегідей бөлінді: 1-орынды Түркістан облысынан Зере Жүнісбай, 2-орынды маңғыстаулық Әмина Асгатова және 3-орынды Ақтөбе облысынан Балым Нсаналы иеленді. Жеңімпаздарға алтын, күміс және қола қанаттардан бөлек, алдағы «Азия дауысы» халықаралық фестиваліне дайындық жұмыстары үшін Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевтың ақшалай гранттары табыс етілді.
-Гран-при алған кезде мен қатты қуандым және толқып кеттім. Музыкаға алғашқы қадамымды 3 жасымда бастаған едім, вокалға 5 жасымнан бастап бардым. Содан бері көптеген республикалық және халықаралық байқауларға қатыстым. Осындай жетістіктерге жетуіме ата-анам, Оқушылар сарайының ұстаздары көмектесті. Болашақта алған бетімнен қайтпай, өз кумирім Димаш аға сияқты стадиондарда, үлкен сахналарда өнер көрсетуді армандаймын,- дейді Дастан Тұрдалы.
Байқауды ұйымдастырушылардың айтуынша, «Жас қанат. Балалар – 2023» аңызға айналған «Жас қанат» байқауының тарихындағы жаңа бағыт болмақ. Еліміздің барлық облысынан келген 22 үміткердің өнерін республикалық эстрада шебері Әлібек Дінішев, «Жас қанат» байқауының бірінші Гран-при иегері Медеу Арынбаев, Жәния Әубәкірова, Байғали Серкебаев және басқа да белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері бағалады.