Алматыда екінші рет «Мұзды өлке» атты жаңа жылдық шоу көрсетілді

Алматыда екінші рет «Мұзды өлке» атты жаңа жылдық шоу көрсетілді
Шоуға биыл 2500 адам келді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ерекше декорация, таңғажайып эффектілер, көздің жауын алатын костюмдер. Бұның барлығы Алматыда осымен екінші рет «Мұзды өлке» атты жаңа жылдық шоуында көрерменге ұсынылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Естен кетпейтін қойылым Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтті. Мұздағы шоуға отандық 20 мәнерлеп сырғанаушы қатысты. Араларында республикалық және халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп жүргендер де бар. Қойылымның режиссері алматылық мәнерлеп сырғанаушы Азат Жабелов болды.

«Бұл шоу қазір спортпен айналысып жүрген мәнерлеп сырғанаушыларға мотивация береді. Сайыстарда көрсеткіштерін жақсартып, жақсы нәтижеге қол жеткізуге талпындырады. Шығармашылық жағын шыңдап, актерлік шеберлікті арттыруға септеседі. Сахнаға шығып, көрермендермен байланыс орнатуға көмектеседі. Ал шоуды көрген халық ерекше сезімде болып, қуанып қайтады», – деді «Мұзды өлке-2» шоуының продюсеры Дина ҚЫСТАУБАЕВА.

«Мұзды өлке» театрландырылған қойылымның сценариі атақты мультфильм желісінде өрбіді. Есте болса, осыдан үш жыл бұрын Алматыда анимациялық блокбастердің бірінші сериясы қысқартылып, мұзда қойылған болатын. Көрермендер арасында ыстық ықыласқа бөленген шоуға биыл 2500 адам келді. Ал билеттен түскен пайданың тең жартысы жетімдер үйіне, аса қажеттілікті талап ететін балаларға сыйлық алуға жұмсалды.

«Мұзды шоу шын мәнінде керемет, өйткені балалар мульфильмді жақсы көреді. Кейіпкерлер де керемет. Шын мәнінде, жақсы өтіп жатыр», - деді бір қатысушы.

«Өте қызық қойылым. Әртістері де жас. Алғашқы тәжірибе», - деді келесі бірі.

Новости партнеров