82 жасында өзінен 45 жас кіші бикешпен шаңырақ көтерген Нұрғали Нүсіпжанов тойдан кейін алғаш рет сұхбат беріп, әйелінің қай қылығы баурап алғанын айтты, деп жазады KAZ.NUR.KZ.
Халық әртісінің өзінен 45 жас кіші Жадыра Сейдешті жар етуі көптің қызу талқысына түскен еді. Олардың қатарында Нүсіпжановты сынағандар аз емес. Өз кезегінде әнші өзіне сын айтқандармен дауласқысы келмейтінін жеткізді.
"Мен халықтың байлығына қол сұққаным жоқ. Біреудің иелігін тартып алған жоқпын. Өз ықыласымызбен, өз келісімімізбен қосылдық. Мен жас бала емеспін. Менің де асты-үстіме қарайтын көмекші, сенімді адам керек. Қазіргі заманда өмір сүру оңай емес.
Пейілі дұрыс, көзі көре алатын, құлағы ести алатын жандар баталарын беріп жатыр. Ал енді бірі қисық сөздерін айтып жатқандар да бар. Оларға айтар сөзім жоқ. Біреумен айқайласу ойымда да жоқ. Менің өмірлік ұстанымым –ешкімнің ала жібін аттамау", – дейді Нүсіпжанов.
Өнер иесінің келіншегімен таныстығы осыдан 5 жыл бұрын басталған.
"Қымызды кім ішпейді, қызбен кім айттырмайды. Бұл талқыланатын үлкен бір тақырып емес. Адамдардың ой арманы, адамдық қасиеттері жақындасады. Кез келген адаммен тіл табысып кете алмайсың. Жадыраны түсірілімде жолықтырдым. Біз сұхбаттарда да кездесіп жүретінбіз. Оның істеген еңбектерін бағаладым. Келіншегімнің адалдығы, сауаттылығы мен еңбекқорлығы мені тәнті етті. Бұл неке екі жақтың келісімімен, ризалығымен болды", – деді өнер иесі.
Нүсіпжановтың алғашқы некесінен үш, екінші отбасынан қос қызы бар. Әкелерінің егде жаста үшінші рет шаңырақ көтеруіне бес перзенті де қолдау көрсетіп, жақсы қабылдаған.
"Бұл некені қыздарым жақсы қабылдады. Қарсылық танытпады. Керісінше маған қолдау көрсетті. Қыздарыма ризамын", – деді әнші.