Қазақстанда алғаш рет Тiktok Нouse телехикаясы жарыққа шығады. Отандық туынды өзге фильмдерден өзгерек. Мұнда әзіл мен қалжың да, махаббат та, салт-дәстүр де қамтылған. Тiktok Нouse телехикаясының актері және «Renzo» тобының мүшесі, әнші Даулет Өзбеков Almaty.tv тілшісіне берген сұхбатында фильмнің мәдени құндылығы өте жоғары екенін айтты.
«Бізде Аружанның кейіпкері «Маша». Оның қоғамға берері бар. Себебі ол орыс қыз бола тұра салт-дәстүрді ұстанады, қазақ тілінде сөйлейді. Сондықтан Аружанның кейіпкерінің қоғамға берер үлесі көп деп ойлаймын», – деді актер.
Актер телехикаядағы кейіпкерді өзіне ұқсатады. Себебі, Тiktok Нouse туындысындағы Арман отбасылық қиындыққа қарамай көшбасшы.
«Менің кейіпкерімнің есімі «Арман», ол отбасында лидер. Өзінің отбасылық қиыншылықтары бар. Соған қарамастан қатарының алды болып жүретін жігіт. Сериалда қызықты махаббат оқиғалар да бар. Жалпы кейіпкерім өзіме ұқсайды», – деді актер.
Актер Тiktok Нouse телехикаясы арқылы алғашқы жеке әнін жаздырды.
«Осы телехикая арқылы өзімнің жеке альбомдық әнімді шығардым. Мен негізі «Renzo» тобында ән айтам. Қазіргі таңда продюсерімнен рұқсат алып, жеке әндерімді жаздырып жатырмын. Алғашқы әнімді осы сериал арқылы алдым. «Тағы-тағы» деген ән телехикаяда саундтрек болады», – деді әнші.
Айта кетейік, аталмыш телехикая дүйсенбіден бастап «Алматы» телеарнасында кешкі сағат 20.40-та көрсетіледі.