Алматыда Орталық Азия мен Кавказ өңірінде тұңғыш Италияның мәдениет институты ашылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv. Іс-шараға Алматы қаласы әкімдігі, дипломатиялық корпус, Гете институты мен Француз Альянсы, итальян қоғамдастығы, жергілікті бизнес пен мәдениет өкілдері қатысты.
Қазақстан-Италия арасындағы дипломатиялық қатынастың орнағанына 30 жылдан асқан. Бүгінде елдер арасында саяси, экономикалық және әлеуметтік-мәдени ынтымақтастық табысты дамуда.
Мәдениет институтының негізгі миссиясы итальян тілі мен мәдениетін насихаттау, жаңа шығармашылық таланттарға назар аудару. Өз қызметі барысында ЖОО итальян тілін үйренуге жәрдемдеседі, италиялық кітаптарды басып шығаруға қолдау көрсетеді, көрмелер мен фестивальдер ұйымдастырады, музыка, би, кино, театр, әдебиет және т.б. байланысты іс-шараларды жоспарлауда жергілікті мекемелермен ынтымақтастықты жүзеге асырады.
Италияның Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі әлем бойынша 86 мәдени институт желісін үйлестіріп, басқарады. Мұндай алғашқы институт 1922 жылы Прагада (Чехия) ашылды. Оқу орындары құрылған сәттен бастап 330 мыңнан астам студент итальян тілін меңгерді.
Алматыдағы Италияның мәдениет институты Италия мен Қазақстанның арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді. Мәдени өзара іс-қимылдың мысалы ретінде Неапольде биыл 15 қарашадан бастап бір ай бойы Алматы тарихы музейінің «Қазақстан көшпенділері: тарихы мен бүгіні» көрмесі өтіп жатыр, онда италиялықтар Ұлы даланың тарихымен және мәдениетімен таныса алады.
Оқи отырыңыз: Мәжіліс Қазақстан мен Қатардың инвестициялық ынтымақтастығы туралы заңды қабылдады