Ішкі істер министрлігінің басшысы әншінің өз-өзіне қол жұмсағанын растады. Оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр
Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Арнау» тобының экс-әншісі Жанар Хамитованың қазасына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
«Барлығыңызға мәлім, ол жерде өз-өзіне қол жұмсау фактісі болған. Қазір Қарағанды облысында қылмыстық іс қозғалды. Оқиғаның мән-жайы тексеріліп жатыр», - дейді Тұрғымбаев.
«Арнау» тобының экс-әншісі Жанар Хамитова 16 қыркүйекте көз жұмды. Белгілі болғандай, әнші таңғы тоғыздар шамасында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданындағы туған ауылында қаза болған.
Қарағанды облысының полиция департаменті бұл фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 105 бабы 1-тармағы (Жәбiрленушiнi қорқыту, оған қатыгездiкпен қарау немесе оның адами қадір-қасиетiн үнемі қорлау арқылы адамды өзiн-өзi өлтiруге дейін немесе өзiн-өзi өлтiруге баруға дейiн жеткiзу) бойынша тергеу жүріп жатқанын хабарлады.