Әншіге «көп үшін жауап берме» деген мағынада пікір қалдырған
«Жігіттер» тобының әншісі Бағлан Әбдірайымов отандық телебағдарламада арын 2 миллион теңгеге сатпақ болған қызға қатысты өз ойын білдіріп, мұның барлығына қазақ еркектері кінәлі деп жазды.
Оның пікірінше, еркегі мықты болса, әйелдер бұлай төбеге шықпас еді. Ал «тәйт» деуі тиіс еркектер мұндайға «лайк» басып, қазір тым ұсақталып кеткен.
«Ләйлә ханым да, арын 2 миллион теңгеге сатқысы келген анау қарындас та кінәлі емес! Көшеге баласын тастап кеткен қыз да, шарбаққа іліп кеткен де, әжетxанаға тастаған да, қазақтың ұлттық сәукелесімен суретке жалаңаш түскен Шынар да, клубта шешінген Байзақова да, қытайға, қара нәсілдіге тиіп жатқаны да, тағы басқа Кінәлі – үйде отырған әкесі, ағасы, інісі, яғни біз еркек тоқтылар кінәліміз!», - деп жазды ол инстаграмдағы парақшасында.
Әнші өз жазбасында Омар Жәлелдің, Сабыр Адайдың қазақ жігіттерін қамшылайтын сөздерін мысалға келтіре кетуді де ұмытпаған. Оның үстіне ол желіде жырбаңдауға мәжбүр нәзік жандардан кешірім де сұраған.
«Аналар, жеңгелер, қарындастар! Кешіріңіздер! Еркек болсам да, менің де намысыма тиіп отыр. Менің де анам, қарындастарым, қыздарым бар...Егер әрбіріміз (еркектер) өз отбасымызға ие болып, қарындастарымызды қорғаштай білсек, өзгенің аруларын да өзіміздей көріп, сыйласақ, мұндай xәлге бармас едік! Өз қарындасымызға мықтымыз деп ойлаймыз, біреудің қарындасының арымен ойнаймыз, сол сәтте үшінші біреу сіздің де үйдегі қарлығаштың айылдарын ашып кетуде. Ойланайық. Ащы шындық!!!», - деп жазды ол.
Әншінің бұл жазбасы желіде дау туғызды. Оны нәзік жандар қолдап, оған өз ризашылықтарын білдірген. Ал жігіттер жағы мұндай пікірмен келіспеген, олар әншінің жазбасы тым біржақты деп санайды. Әншіге «көп үшін жауап берме» деген мағынада пікір қалдырған.