Күйеу қалыңдықтан себепсіз бас тартса, берілген мал қайтарыла ма

18.11.2023 17:54

Қазақ халқының салт-дәстүрлері

Сурет: rtraveler.ru/Bektur Stamkuloff

Әр ұлттың өзіне сай ата дәстүрі, әдет-ғұрыпы мен ырымы бар. Қазақ халқының да ерекше салт-дәстүрі жетерлік. Олардың мән-мағынасы, берер тәрбиесі мол, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Той малы 

Той малы (дәстүр). Келін алуға келген қадірлі құдалар ел дәстүр салты бойынша сән салтанатымен, жөн жосығымен келіп түседі. Бұл жолдың кәде жоралары да көп болады. Соның ішінде ең басты кәдесінің бірі - топқа арнайы әкелген « той малы» деп аталатын дәстүр. Бұған әр құда өз дәулеті мен шамасына қарай жылқы немесе бірнеше қой әкеледі. Күйеудің абыройы, беделі осы кәдеге де байланысты болады. Бұған қымбат мата, бұйым, жеміс, қант, шәй да қосылады. Әкелген мал арқылы құдалар қыз әкесінен, атасынан немесе сол ауылдағы жолы үлкен ақсақалдан бата тілейді. Батадан кейін әлгі мал сойылып, тойға жиналғандар одан ауыз тиеді. Той малы толымсыз болса, қыз жеңгелері құдалардың бетіне басады. Сондықтан да «той малының» мүшесі түгел әрі семіз болуы қатты қадағаланады. 

Күйеуаяқ 

Күйеуаяқ (ғұрып). Жігіт қалыңдығын алғаннан кейін әдеп бойынша енесін қошаметпен өз үйіне апарып салады. Ата -енесі күйеу баласына ірі мал атайды. Мұны «күйеуаяқ» дейді. 

Түйемұрындық 

Түйемұрындық (ғұрып). Ұзатылып жатқан келіншек көшінің жолында отырған ауылдың адамдары (жастары, әйелдері) керуен атының ноқтасынан, не түйесінің бұйдасынан ұстап тұрып сұрайтын кәде. Қыз анасы оларға кәдесін жасайды, кәде алған риза болып, бақыт тілеп батасын беріп, жол болсын айтады.

Қыз қашар 

«Қыз қашар» (дәстүр). Күйеудің келуін «ұрын келу» десе, қыздың атастырылған күйеуін көруі «қыз қашар» деп атайды.  Бұл «ұрын тойы» өтетін күні болады. «Ұрын той» жастар үшін көңілді, думанды тойлардың бірі. Бұған жас жеңгелер мен жастар қатынасады. Күйеуден алынатын «қол ұстатар», «шаш сипатар», «қыз құшақтар», «арқа жатар», «көрпе қимылдатар» тағы сол сияқты кәделер осы жолы беріледі. Екі жастың бірін бірі көріп, тілдесуі де осы тойда болады. Екеуі де бірін бірі ұнатып, қалыңдық жігітке қыз белгісі орамалын және оның іні қарындастарына да түрлі сыйлықтар береді. 

Күйеу ұрын барғаннан кейін құдалық бұзылатын болса қазақ заңында өте ауыр іс. Үлкен дауға кетеді. Күйеу себепсіз бас тартса бұрынғы берілген мал қайтарылмайды және айып салынады. Батаны қыз жағы бұзатын болса қалың мал толық қайтарылады әрі айып төлейді. 

Құйрық бауыр 

«Құйрық бауыр» (салт). «Құйрық бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» деген мәтел де бар.  Бұл құдалық дәстүрінің рәсімі болғанмен, ұлттың салт-дәстүрінде орны бөлек жай. Екі жақ келісіп құда болған жағдайда оларға «құйрық бауыр» арнаулы сый әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтай тәтті болыңдар» деп тілек білдіреді. Одан барлық құдалар ауыз тиеді. Құйрық бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды белгісі құжат болып бекітілген. 

Оқи отырыңыз: Әлемдегі ең қымбат кофені білесіз бе