Жан Ізбасар ажырасқан соң баланы өзіне қалдыруға ұсыныс жасағанын айтады
«Келинка Сабина» фильмінде басты рольдердің бірін сомдаған актер Жан Ізбасар ұлы сал боп туған соң отбасын тастап кеткен. Бүгінде ол 4 жасқа келген баласына ешқандай көмек көрсетпейді екен. Алғашқыда алимент төлеуден де бас тартқан ол құзырлы органдар соңына түскен соң, міндетін орындай бастапты. Алайда 1 жылда берген ақшасы 100 мың теңгеден сәл ғана асады, деп жазады Stan.kz.
Жан Ізбасардың ажырасқан әйелі Назгүлдің сөзіне қарағанда, бұрынғы күйеуі де, оның ата-анасы да үш жыл ішінде баланы іздеп келмеген. Оның жағдайына алаңдамайтын да көрінеді. Қазір уақытта актер алимент төлеп жүр екен. 1 жыл ішінде бергені 114 мың теңге.
«Қанша қиыншылықтан өттік. Сол кезде қасымыздан табылған жоқ», - деп күрсінеді Назгүл.
Дегенмен актер өзін еш кінәлі санамайды, үйленген кезде барымды әйеліме бергем деп өзін ақтауға тырысып жүр.
«Мен оған бәрін бердім. Үй бердім, той жасадым. Келген күнінен бастап киіндірдім. Кез келген дәрумені, дәрісі бар ма, жемісі бар ма, қалағанын алып бердім. Мандарин, банан, анар дегенді жәшікпен алып келетінмін. Менен талап етілетін нәрсенің бәрін бердім. Бірақ сізден туылған бала сау емес. Енді мен кешірім сұрау керекпін бе? Не үшін? Менің кінәм не? Мүмкін кінәрат менен шығар деген ой болған, бірақ олай емес. Одан кейін менің сап-сау балам дүниеге келді. Баланы жасайтын кезде қыдырдым да, достарыммен сыра да іштім», - дейді баласын тастап кеткен актер.
Сал ауруына шалдыққан балаға бүгінде Назгүлдің анасы қарап отыр, ағасы да барынша қол ұшын беріп тұрады. Назгүлдің өзі құрылыс компаниясында жұмыс істейді.
«Әріптестерім мен компания басшылығы баламның еміне көмектесіп, керек кезде түсіністік танытады», - деп ризашылығын білдірді ол.
Назгүлдің өзі 8 жасында әкесінен айрылған. Ал анасы Нұржамал алғашқыда оның актерге тұрмысқа шығуына қарсы болғанын айтады. Алайда Жан Ізбасар қызының қыр соңынан қалмаған соң, келісуге мәжбүр болған.
«Қызым тұрмысқа шығамын, жігітім бар деді. Ол кезде қызым қалада жұмыс істеп жүрді. Жігіт үйленеміз деп, оны жұмыстан да шығартып алды», - дейді анасы.
Жан Ізбасар ажырасқан соң баланы өзіне қалдыруға ұсыныс жасағанын айтады.
«Асырай алмаса, мен алайын дедім. Кейін артық әңгіме болмас үшін бас тартсын дедім», - дейді актер.
Назгүлдің анасы мен оның құрбысы актердің бұл сөзін растап отыр. Алайда Жан баланы алғаннан кейін, оны арнайы интернатқа өткізбекші болған. Сондықтан да Назгүл де, оның анасы да бұған келіспеген.
Анасының айтуынша, баланың еміне айына шамамен 370 мың теңгедей ақша кетеді.
«Балаға бүгінде вертикализатор, ортопедиялық үстел, миын дамытатын заттар мен дәрумендер, көп нәрсе керек», - дейді Назгүл Қанатқызы.
Жанның берген сұхбатын көрген бағдарлама сарапшылары оның өте төмен деңгейлі адам екенін атап өтті. Әйелі мен баласына алып берген киімі мен тамағына дейін сөз еткен еркектен қайыр жоқ екенін де айтты. Бала 1 жасқа келгенге дейін отбасына қамқор болғанын Назгүлдің өзі де жасырмайды. Алайда ұлы екеуі дәл бүгін көмекке зәру.
Бұл орайда «Перзент» балалар үйінің төрайымы Әмина Тәжібаева қиналып отырған анаға көмектесетінін айтты.