Қазақстандық жас әнші Данэлия Төлешова Қазақстанның туризм елшісі атанды. Бұл туралы ҚазАқпарат «Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясына сілтеме жасап хабарлайды.
Жас дарын енді ресми түрде туристерді елімізге тартуға үлес қосатын болады. Данэлияны Туризм елшісі ретінде сайлау рәсімі Жастар жылына орай елордада ұйымдастырылған «ZhasStar» фестивалі кезінде өтті.
«Kazakh Tourism» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Еркебұлан Хасенов небәрі 13 жастағы Данэлияның бүгінде Қазақстанды күллі әлемге танытып жүргенін атап өтті.
«Өзіңе сен» әніне бейнебаян Шарын шатқалында түсірілуі еліміздегі туризмді ілгерлетуге жасалған бірден-бір қадам екенін айтты. «Қазақстан Республикасының туризм елшілері» бағдарламасы арқылы әр саланың көшбасшыларын жұмылдырып, сіздер – жастар кең-байтақ және көз тоймас еліміздің сұлулығына зер салса екен дейміз. Сіздер Қазақстанды тереңірек танып, туған жерлеріңде саяхаттап, оны мақтан тұтқандарыңызды қалаймыз», - деп Е.Хасенов фестиваль қатысушыларына.
Өз кезегінде Данэлия Төлешова өзіне артылған зор сенім үшін алғыс білдірді. Қай жерде жүрсе де өзіне артылған міндетті абыроймен атқаруға яғни, туған елі – Қазақстан жайлы айтып жүруге тырысатынын жеткізді.
«Шеттегі әр сапарымда Қазақстаннан келгенімді айтып жүремін және өзгелердің туған еліме деген қызығушылықтың арта түскенін көріп, қатты қуанамын. Ұйымдастырушыларға маған артылған сенім үшін шексіз алғысымды білдіргім келеді. Алдағы уақытта Қазақстанға туристер көптеп келіп, тамаша шаралар ұйымдастырылады деген сенімдемін!» - деді жас әнші.