Ықылас атындағы Халық аспаптар музейіне 9 экспонат қойылды
Алматы қаласындағы Саха Республикасының күндері аясында Ықылас атындағы Халық аспаптар музейіне тағы 9 экспонат қойылды. Бұл туралы Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Мәдени іс-шара шеңберінде мұражайға келушілер «Қыл саха» этно тобының концертін тамашалады. Онда ұлттық ішекті аспаптарда туындылар орындалды. Сондай-ақ мәдени нысанда «Ғасырлар үні» көрмесі ашылған. Онда келушілер саха шеберлерінің қолынан шыққан ұлттық аспаптарды тамашалады.
Айта кетейік, іс-шара 21 сәуірде басталған. Оның барысында түрлі көрме ұйымдастырылып, шығармашылық кездесу өтті.
– Алматы қаласының музейлер бірлестігі мен Саха Республикасының ұлттық аспаптар музейі арасында ынтымақтастық жөнінде меморандумға қол қойылған. Сол меморандумның негізінде көрмені ұйымдастырып отырмыз.Биыл елімізге алғаш рет Саха Республикасының экспонаттарының көрмесі қойылды, – деді Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова.
– Алматыға Якутияның XX-XXI ғасырдағы атақты шеберлері жасаған аспабын әкеліп отырмыз. Музейге ағаш, жануарлардың терісі, мүйізі, тұяғы сынды табиғи материалдардан жасалған ішекті, садақ ішекті, ұрмалы музыкалық аспаптар қойылған. Алматыға алғаш келдік. Жақсы қарсы алды, – деді Якутия халықтарының музыка және фольклоры музейінің директоры Мария Корнилова.
Оқи отырыңыз: Алматыда «Ньургун Боотур» ұлттық операсы сахналанды