Ерекше мүсін қаладағы Республика сарайы маңындағы саябаққа қойылды. Салтанатты шараға қала әкімі Бақытжан Сағынтаев пен қоғам қайреткерлері қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бүгін ауа-райының күрт суытқанына қарамастан, Республика сарайы маңында халық көп. Өйткені, Алматыда ән өнерінде жарық жұлдыздай сәуле шашып, өшпес із қалдырған Шәмші Қалдаяқовқа арналған ескерткіш ашылды. Салтанатты шараға қазақ эстрадасының негізін қалаған композитордың жары, көзін көрген әріптестері мен ізін басқан шәкірттері және тыңдармандары келді. Алғаш болып сөз алған қала әкімі Бақытжан Сағынтаев ұлт мақтанышының туындылары әнсүйер қауым арасында ыстық ықыласқа ие екенін айтты.
«Қай жерде жүрсек те, Шәмші ағамыз жүрегімізде жүреді. Шәмші ағамыз өзінің әндерімен әр шаңырақты тербетіп ғана қойған жоқ. Шәмші аға өзінің әндеріменен бүткіл қазақ елін тербетті. Еліміздің тәуелсіздік алғаннан кейін халық әртісі атағын алды. Ал бірақ өзінің халқы сүйікті халқы өзінің атағын одан әлдеқайда бұрын беріп қойған», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Ескерткіш қойылады дегенді естіп, Шәмші Қалдаяқовтың жары Жәмила апай арнайы келген. Мүсінді Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевпен ресми түрде бірге ашты.
Шәмші Қалдаяқов 300-ге жуық музыкалық туынды жазған. Әсіресе, күллі қазақ халқының мақтанышы атанған сазгердің «Менің Қазақстаным» туындысы еліміздің әнұраны болып 2005 жылы бекітілді. Жиналғандар композитордың ғажайып сазды әуендері ешқашан халық жадынан өшпейді дейді.
«Шәмші Қалдаяқов халықтың сүйікті композиторы. Не дейін, Шәмші бақытты адам болды. Өте бақытты. Өзі де «мен өте бақытты адаммын», - деп отырушы еді. «Мені халық жақсы көреді, барған жерімде құрметтеп шығарып салады, сондықтан мен бақытты адаммын», - дейтін. Шынында да, Шәмші бақытты адам. Осындай ескерткіш қойған», – деді Ш. Қалдаяқовтың жары Жәмила ҚАЛДАЯҚОВА.
«Өмірден өтсек те, біздің соңымыздан қалатын ол – біздің шығармамыз. Халыққа пайдасы бар, дүниелеріміз ғана мәңгілік қалады. Ал Шәмші ағамыздың әндерін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – біздің ең бірінші парызымыз», – деді Қазақстанның халық әртісі, әнші Роза РЫМБАЕВА.
Ал ескерткішке келер болсақ, оны бес мүсінші бірігіп дайындапты. Эскизді дайындауға екі аптадай уақыт кетсе, ал толық бітіруге 2 ай уақыт сарп еткен. Сөздерінше, ауа-райының тосын мінезіне мінсіз төтеп беретін қоладан жасалып, астына гранит төселген. Мүсіннің биіктігі 1,5 метр, ұзындығы 3 метрге жуықтайды. Ескерткіште сазгердің терең ойға шомылып, шығармашылық толғаныста отырғаны бейнелеген.
Қазақстандық мүсіншілердің тең жартысы қатысқан байқауда түрлі эксиздер ұсынылған. Оның ішінде Шәмші Қалдаяқовтың пианинода ойнағаны, домбыра тартқан сәті де бейнеленіпті. Тек соңғы эскиз ретінде оның осындай орындықта отырған сәті таңдалыпты. Мұндағы басты ниет қазақ вальсі королінің халыққа біртабан жақын екенін меңзесе керек.
«Халық келіп, суретке түсу үшін, әр адамның жанында отырғандай бейнеде жасадық. 3-4 нұсқа болған, соның ішінен осы орындықты таңдады. Ескерткіш саябақта болғандықтан, ауқымды емес, осындай кішігірім етіп жасадық», – деді мүсінші Айдос БҮРКІТБАЕВ.
Туынды авторлары мүсіннің көптің көңілінен шығады деп сенеді. Ал, ән өнерінің аспанында халықтаған ағаның есімі ел жадынан ешқашан өшпек емес.
Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы