Семейде «Ұстаз бен шәкірт» ескерткіші ашылды

Ақорда
Ақорда
Ескерткішінің авторы – Нұрбол Қалиев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедхановқа арналған «Ұстаз бен шәкірт» ескерткішін салтанатты түрде ашты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Салтанатты рәсімде мемлекет басшысы қос тұлғаның ұлт тарихында айрықша орын алатынын, оларды ұлықтау парыз екенін ерекше атап өтті. Сондай-ақ бұл ескерткіш Мұхтар Әуезовтің 125 жылдығына арналған тарту болғанын тілге тиек етті. Іс-шараға жазушы мен ғалымның ұрпақтары, абайтанушылар, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты.


«Ардақты ағайын, құрметті қауым! Бүгін - ел руханияты үшін айрықша маңызды күн. Алаштың жүрегі атанған қастерлі қалада еңселі ескерткіш ашылды.  Баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Шын мәнінде бұл өте жақсы», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ал "Қайым Мұхамедханов атындағы білім және мәдениет" қоғамдық қорының директоры Дина Мұхамедхан Facebook парақшасында "бұл - шәкірттің ұстазына деген адалдығының символы" деп атап өтті.

"Тәлімгер-Ұстаз Мұхтар Әуезов пен оның бірден-бір ең адал шәкірт-іңісі, тілеулес досы Қайымға арналған композиция-ескерткіш – бұл шәкірттің ұстазына деген адалдығының символы!

Бұл ғылыми және тарихи шындыққа белгісі. Олардың өмірі мен тағдыры, халқына сіңірген еңбегі жастарды тәрбиелеу үшін маңызды", - деп жазды ол.

«Ұстаз бен шәкірт» ескерткішінің авторы – Семейлік талантты мүсінші Нұрбол Қалиев.

Салтанатты рәсімнен кейін Президент Семейдегі Мұхтар Әуезов атындағы педагогикалық колледжге барды. Қасым-Жомарт Тоқаев оқу орнының тарихы мен жетістіктеріне арналған көрмені аралап, білім ордасының ұжымымен және білімгерлермен кездесті. Айта кетсек, адамзатқа Абай сынды перзентті сыйлаған қасиетті өлкеге барған мемлекет басшысы өңірдің бірқатар азаматтарын марапаттады. Одан бөлек, Семей қаласының инфрақұрылымы әбден тозғанын айтып, заман талабына сай, ыңғайлы қалаға айналуы тиіс екенін атап өтті.


«Бұл мәселелерді түпкілікті шешетін уақыт жетті. Сондықтан үкіметке әкімдікпен бірлесіп, Семейде заманауи жылу электр орталығын салу және инфрақұрылымды жаңарту мәселесін қарастыруды тапсырамын», – деді  ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске сала кетейік, М. Әуезовтің шығармасы – «Қилы заман» повесінің желісімен "Алматы" телеарнасы телесериал түсіруді бас­тап кетті. Жуырда телеарна көрермендерін жаңа туындымен қуантады.



Новости партнеров