Әкем театрдың 94-ші маусымы ашылды

18.10.2019 18:59

Театр фойесінде 70-90 жылдардағы театр тарихынан сыр шертетін эксклюзивті фото көрмесі өтті

Әкем театрдың 94-ші маусымы «Аттила мен Аэций» қойылымының премьерасымен ашылды. Григорий Томскийдің атақты туындысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Әлия Бөпежанова аударған. Махаббат пен достықтың нағыз нышаны көрсетілетін қойылымнан көрермен ерекше әсер алып қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Шара БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған баспасөз мәслихатынан басталды. Театрдың директоры Сәбит Әбдіхалықов, Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған топ өткен маусымды қортындылап, жаңа маусымның жаңалықтарымен бөлісті.

«Біздің бақытымыз да, байлығымыз да – көрермен. Біз көрерменге қызмет ету керекпіз. Театр бүгін ашылды. Сахнаның сыртында көретін дүниені біз осында «Мұқағали ауылы», «Мұхтар Әуезов» ауылы, «Шәмші Қалдаяқов ауылы» және поэзия бұрышы, сонымен қатар 70-90 жылдардағы бұрын шықпаған, еш жерде көрінбеген негативтер табылып, солардың фотосын шығарып ұсынып жатырмыз», – деді М. Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық драма театрының директоры Сәбит ӘБДІХАЛЫҚОВ.

Биылғы маусымға театр ұжымы ерекше дайындалған. Мұхтар Әуезов ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастаған жұрт, театр фойесінде ұйымдастырылған түрлі шаралардың куәсі болды.  

«Актерларымызбен танысып, поэзия кешін, көрмені тамашалап, қызықты мағлұматтар алып жатырмыз», – деді Гүлназира МОЛДАХАНОВА.

«Осы күнге арнайы келіп отырмыз. Жәрмеңке ұйымдастырған екен. Керемет өтіп жатыр», – деді Ділназ САТЫЛҒАНОВА.

Өнер ордасының музейінде сақталған мына суреттер көремендердің көзайымына айналды. Сонау 70-90 жылдар аралығындағы Әуезов театры тарихынан сыр шертетін эксклюзивті фото көрмесі көрермен назарына ұсынылды.

«Мен еш уақытта актерларды әдейі тұрғызып қойып, обьективке қарата суретке түсірген емеспін. Үнемі спектакль жүріп жатқан кезде түсірдім. Өйткені ол рөлге кірген кезде ол нағыз актер болып көрінеді», – деді фотограф, КСРО Журналистер Одағының мүшесі Қалиғұмар ҚАБДЕШОВ.

Жаңа маусымның ең басты бағдарламасы – «Атилла мен Аэций» спектаклінің премьерасы болды. Атилла  - Еділ қаған-батыс ғұндар мен еуропалық көптеген тайпалардың басын біріктіріп, үлкен қағанат құрған әлемдік тарихтағы ерекше тұлға.

«Менің негізгі мақсатым – Атилланың толеранттық, жалпы қазаққа тән психологиямыздағы ерекшеліктермен көрсеткім келді. Бұған Томскийдің сіңірген еңбегі өте жоғары. Оның бер жағында Әлия Бөпежанованың аудармасы. Меніңше, бізге Аттила қазақ болып келіп жатыр», – деді қоюшы-режиссер, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Алма КӘКІШЕВА.

Көрермендер Атилланың ерлігіне және оның сүйікті жары Керекоғаның махаббатына, Римдік атақты генерал Аэцийдің достығына сүйсініп қайтты.