Атырау облысындағы Сарайшық қалашығының орнында археологиялық қазба жұмысы жалғасып жатыр. Жақында ортағасырлық тарихи қалашықтың орнынан адам сүйектері, күміс, қола монеталар мен басқа да түрлі жәдігер табылды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі іnform.kz-ке сілтеме жасап.
Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспедиция тобы Сарайшық қалашығының орнында археологиялық қазба жұмысын 4 қыркүйекте бастаған.
Осы кезге дейін 3 мың шаршы метр аумақтықтың үстінгі бөлігі ашылған.
- Қазба кезінде көптеген көрхана анықталды. Күйдірілген кірпіштен тұрғызылған көрханалардың көлемі — 2,5-3 метр. Оның биіктігі 3-12 қабатқа дейін сақталған. Көрханалар тазартылып, 2-8-жерлеу орнынан табылған адам сүйектеріне антропологиялық зерттеу жұмыстары басталды. Адам сүйектеріне антропологиялық зерттеуді Ә. Марғұлан атындағы археология институты физикалық антропология зертханасының меңгерушісі Р. Жанұзақ жүргізіп жатыр, - деп хабарлады аталған музейден.
Мұнда ортағасырлық үйлердің орны анықталған. Қазір 1200 шаршы метр аумағы тазартылған.
Ортағасырлық 10 жуық тұрғын үйдің бөлмелерінде пеш, тандыр орны, суфа (ыспа) орындары сақталған.
- Қазба жұмыстары кезінде орта ғасырға жататын 100 күміс, 50 жуық мыс монета табылды. Қыштан жасалған құмыра, шәйнек, көзе, түбек, ыдыс қақпақтары, бірнеше сырлы ыдыстың бөліктері, шаруашылық мақсатта қолданылған шырағдан түрлері, құбыр, шығыр, сфераконус, ау батырмалары, ұршық басы, сүйектен жасалған шүмек, асық табылып отыр. Қола айна мен оның бөліктері, шыныдан жасалған моншақ түрлері де бар, - дейді музей қызметкерлері.
Еске сала кетейік бұған дейін Атырау облысында ежелгі қорғаннан алтыннан жасалған әшекейлер табылған.
Оқи отырыңыз: Қазақстандық ғалым радиация өткізбейтін материал ойлап тапты