Пародист Асқар Көмекбаев Ресейдің 1-телеарнасының жобасы «Я почти знаменит» байқауына барып, көрермендер мен әділқазыларды пародиялық өнерімен тәнтті етті, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы ол Алматы телеарнасының «Таңғы студио» бағдарламасында айтты. Оның айтуынша, жоба ұйымдастырушылары өздері хабарласып, онлайн кастингке қатысуға шақырған.
«Сіздің пародияны өте жақсы салатыныңызды білеміз. Әсіресе, поезд бен тамбурдың дауысы сәтті шыққан. Жобамызға келіп, осы өнеріңізді көпшілікке көрсетсеңіз, жеңіске жетсеңіз ақшалай ұтыс бар» деп ұсыныс білдірді. Көп ойланбай, онлайн кастингке қатысып, Мәскеуге жол жүретін болдым», – деді А. Көмекбаев.
Карантин кезінде елден шекара асып, Ресейге жол жүру де оңай болмаған. Дәл осы қиын да қызықты сапарды пародист жоба сахнасында баяндап бергенін айтты.
А. Көмекбаевтың сахнадағы қызықтары мен әділқазылардың берген бағасы туралы толығырақ «Таңғы студио» бағдарламасынан біле аласыздар.