Театрда «Арена» атты қойылымның премьерасы өтті
Мәдениеттің қара шаңырағы – Алматыда тағы бір театр шымылдығын ашты. Жаңадан құрылып, жалпақ жұртқа Assyltas деген атауын таныстырған өнер ордасының тұңғыш қойылымы да – іргелі еңбек, ірі туынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ел ағаларының ақ тілеу, жөн сілтеуімен өнер әлеміне тәй-тәй қадам басқан жаңа театр «Арена» атты қойылымның премьерасын өткізді. Қос қуанышқа қатар келген көпшілікте есеп жоқ. «Шырмауға түскен шындықтың шынайы келбетін ашуды жөн санадық» деген драма авторлары «Аренаның» әуелгі сөзінде «Айнадан түріңді көрме, діліңді көр. Рухын сағынған үніңді есті» деп үндеу жасайды.
– Жасыратын несі бар, қойылымда сахналық, әлеуметтік, ұлттық шындық үшеуі де қамтылады. Адамдар малдың рөлін ойнап жүрсе, мұнда мал адам кейпіне енеді. Сол жеткілікті деп ойлаймын, – деді актер Айбек Иманқұлов.
Қойылымның дайындығына 2 ай кетті. Азғантай уақытта ар мен ұлттың сөзін көпке жеткізу үшін еңбек қылғандардың айтуынша, санаулы күнде драма жазылды, әртістер таңдалып, сахна қойылды.
– Режиссер – елге танылған, қойылыммен жұрттың көңілінен шыққан талантты режиссер Нұрсұлтан Елік. Еліктің 2 айда жасаған ерлігіне куә боламыз. Актерлер да нар тәуекел деп кірісті. Сондықтан халық бағасын берер, көңілінен шығар деп ойлаймыз, – деді ақын, драматург Бақыт Беделхан.
– Менің ұстазым Болат Атабаев «қалыптасқан режиссер, қолтаңбасы бар деген сөздерге қарсымын. Бұл деген сөз – «штампованный» режиссер деген сөз» деген. Ал мен әр спектаклімді бір-біріне ұқсатпауға тырысамын, – деді қоюшы режиссер Елік Нұрсұлтан.
Өзге қойылымнан өзгерек шыққан бұл туынды өр сөз, шытырман оқиға желісімен ерекше. Ал айтарын бір жарым сағаттық өнермен жеткізген автор «Көрермен қажетін өзі алады, түсінеді, ойланады» деп сенеді.
– Assyltas театрының негізгі ерекшеліктерінің бірі – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселені айқын тауып, соны халыққа көрсетіп, шешу жолын ұсыну деп ойлап отырмыз. Бүгінгі қойылымнан көрермен жақсы әсер алып, өмірлік қағидасын, дұрыс бағытын анықтаса, руханиятқа, шығармашылыққа бір қадам жақындай түседі деп ойлаймыз, – деді кәсіпкер, меценат Дулат Тастекеев.
Әзірге қатарда 30 әртіс бар. Театр ұжымы көрермен сұранысына қарай көркейіп, аталған драмамен гастрольге шықпақ ниетте.
Мадина Оқас, Хангелді Ахметхан, «Алматы» телеарнасы
Оқи отырыңыз: Құнды жәдігер: Семей тұрғынынан Сақ дәуірінің әшекей бұйымдары тәркіленді